Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУДІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУДІҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Құрметті «Ғұмыр – Дария» газетінің тұрақты оқырмандары! Мен – осы ардагерлерге арналған төл басылымды асыға күтіп отыратын оқырмандардың бірімін. Оқуға, тың жаңалықтар мен қызықты әрі пайдалы мәліметтерді біліп отыруға құмартқандықтан, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Әсіресе, денсаулықтың күтіміне қатысты деректерді үзбей оқып отырамын. Порфирий Ивановтың 12 қағидасы бойынша денеме суық су құюды және Талас өзеніне түсуді дағдыға айналдырдым. Осы уақытқа дейін дәрі қабылдап, укол салдырып көрген емеспін. Суық суға түсуді өзгелерге де үйретіп жүрмін. Ащы судан, шылымнан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Сонымен қатар ұзақ өмір сүрудің қыр-сырын зерттей жүріп көзім шалып қалған тағы бір деректерде ең ұзақ жасайтын ел жапон халқы делінген. Ол, тіпті, ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Шындығында күншығыс елінің тұрғындары қазіргі таңда ұзақ жасаушы мемлекет тұрғындары тізімінің көшбасында тұр. Мұның себебі неде? Бұл өзі тұқымқуалаушылық па?  Ұзақ жасау жапондықтар үшін қалыпты өмір сүру нормасына айналып барады. Қазіргі таңда жапондықтардың орташа өмір сүру көрсеткіші  84 жасты құрап отыр. Басқа елдермен салыстырып көрейік: АҚШ-та орташа жас -79,3, Ресейде -70,5 жас шамасында. Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жетті. Десек те, ұзақ жасаудың сыры неде? Оның құпиясы қандай? Жапондықтар неге ұзақ өмір сүреді? Енді оның сырына үңіліп көрелік.

Қуырылған тамақты көп Жемейді
Жапондықтар қуырылған тамақты көп жемейді. Күншығыс елінің тұрғындары негізінен пісірілген немесе қайнатылған тамақтарды жақсы көреді. Егер қуыратын болса, майды өте аз құяды. Дайын болған тағамдарды кішкентай ыдысқа салып қояды. Біздікіндей үлкен ыдысқа, дәу табаққа қою деген атымен жоқ. Үлкен қасықпен тамақ жемейді немесе ішпейді. Олар кішкентай қысқа таяқшалар арқылы жеуге дағдыланған.
сұйық тамақтың жұғымы мол
Олар сұйық тамақты өте жақсы көреді. Бірақ біздікіндей емес. Біздің сорпаларда кесек-кесек ет пен картоп жүреді. Олардың сорпасына теңіз өнімдері мен балдырлар, әртүрлі шөптер салынады. Айырмашылығы –осында. Теңіз өнімдерінде ағзаға қажетті заттар өте көп.
Күріш пен көкөністе пайда көп
Біздің сүйікті гарниріміз не?  Картоп пен макарон, тағы басқа көзге үйреніп қалған шикізаттар. Жапондықтар гарнир ретінде күріш пен көкөністі көп таңдайды. Олар тапсырыс бергенде соя мен балдырға көп мән береді. Енді ойлаңыз: қайсысы адам ағзасына көбірек пайдалы? Макарон ба, жоқ әлде балдыр ма?
Шай дайындауға көп көңіл бөледі
Жапондарда шай дайындаудың мыңжылдық мәдениеті қалыптасқан. Олар әртүрлі пайдалы қоспалар қосылған көк шайды көбірек ішеді. Олар шайды ұнтақ түрінде пайдаланады. Өздері өсіріп, жинайды және оны сақтауының да сыры бөлек. Мұндай шай біз ішіп жүрген шайға қарағанда тиімді және сіңімдірек.
Балғын өнімді жеген дұрыс
Жапондықтар не жесе де, сапалы, балғын (свежий) тағамдарды жейді. Олар екі-үш немесе бір апта тоңазытқышта жатқан етті пайдаланбайды. Шартты түрде алғанда, жаңа сойылған малдың етін дұрыс көреді. Бірақ ол жақта еттен гөрі басқа тағам дұрысырақ. Мысалы, олар балық жегісі келсе, ресторандағы кішкентай  су астауында жүзіп жүрген балықты  тікелей өздері көрсетеді. Аспаз клиенттің көз алдында оны сойып, балықты асып немесе буға пісіріп береді.
Аз асқазанға ішкен пайдалы
Жапондықтар ешқашан тоя тамақ ішпейді. Оларда тамақ ішудің сан ғасырлық өзіндік мәдениеті қалыптасқан. Күншығыс елінің тұрғындарында тамақты түк қалдырмай жеп қою әдеті жоқ. Тәбетің соншалықты ашылып тұрса да,  ыдысыңда кішкентай етіп қалдыруың керек.
Дәрігерге жиі бару – міндет
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қабылданған  міндетті денсаулық сақтау жүйесінен кейін жапондықтардың өмір жасы ұзара бастады десек, артық айтқандық емес. Өйткені қабылданған заңнан кейін жапондықтар жылына 12 рет дәрігерге барады. Ол –міндетті. Күншығыс елінің тұрғындары бұл талапты бұлжытпай орындайды және оны қалыпты дағдыға айналдырған.
Жұмыс істеудің өзгеше әдісі
Қалада немесе ауылда болсын, біз барар жерімізге көлікпен жетуге тырысамыз. Жапонияда адамдардың басым көпшілігі қоғамдық көлікті пайдаланады. Тіпті, жұмысына жаяу баратындар бар. Қоғамдық көлік – жапон халқы үшін күнделікті өмір салты. Күншығыс елі тұрғындарының,  тіпті, жұмыс істеу тәсілі де бөлек. Олар компьютердің алдында отырып емес, кейде түрегеп тұрып та жұмыс істей береді.
Тазалық – денсаулық кепілі
Күніне екі рет жуыну жапондықтар үшін қалыпты әдетке айналған. Ол тазалықты білдіреді. Тазалыққа үйренген адамның ағзасына жұқпалы микробтар да жолай қоймайтыны ақиқат. Жаттығу жанды сергітеді Жапонияда «Радио бойынша гимнастика» деген  бағдарлама бар. Оны кез-келген азамат орындайды және оған тұрақты қатысу әдетке айналдырған. «Радио-фитнес» – жапондықтар үшін салауатты өмір салты.
Таза ауа – жанға дауа
Күншығыс елінің тұрғындары таза ауада жүргенді жақсы көреді. Үйде отырып тамақ ішу олардың дағдысы емес. Құрметті қонақпен дидарласқанның өзінде оны дұрыстау мейманханаға шақырады. Әйтпесе, тауға шығып, серуендеп қайтады.
Адамның ұзақ жасауына байланысты ғалымдар әртүрлі болжамдар айтады. Оның біржақты рецепті жоқ. Десек те, тағы бір әдіс-тәсілдерін айтқанның артығы болмас.
1.Калориясы көп тамаққа тәбетіңізді тыйыңыз.
2.Күн сайын алма жеп тұру керек.
3.Қайнаған, таза салқын су ішкеннің пайдасы көп.
4.Белсенді жұмыс істеген жақсы.
5.Күн сайын душ қабылдаңыз.
6.Салқын бөлмеде ұйықтаңыз.
7.Демалыс күндері жаяу жүріңіз немесе 10-15 шақырым велосипед айдаңыз.
8.Көңіл-күйіңіз әрдайым жоғары болсын, достарыңызбен болғаныңыз артық.
9.«Қартайып келе жатырмын» деп ешуақытта ойламаңыз.
10.Жақсы нәрсе туралы жиі ойлаңыз.
11.Зейнеткерлікке шықсаңыз да, әрдайым сүйікті ісіңізбен айналысыңыз.

басқа жаңалықтар