Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ЖАЗЕКЕҢНІҢ БАТАСЫ

ЖАЗЕКЕҢНІҢ БАТАСЫ

Жас кезімде бірде сол кездегі облыстық аурухананың бас дәрігері А.С.Овсянников мені өз кабинетіне шақырып алып:
– Сейтқасым Үсенбекович, бүгін Мойынқұм аудандық ауруханасынан сондағы ауыр науқасқа кеңесшісі сұраған жедел шақыру қабылданды. Ол туралы сізге санавиация қызметкерлері хабарласқан болар. Мен сізге оған қоса тағы бір тапсырма бергелі отырмын. Бүгін өзіміздің облыстық ауруханада ем алып жатқан мойынқұмдық екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаевты үйіне шығардық. Сол кісіге бас-көз болып, санитарлық ұшақпен аудан орталығы Фурмановка селосына жеткізіп салыңыз. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, дәрі-дәрмек ала шығуды ұмытпаңыз,-деді.

Содан бөлімге оралып, қажетті заттарды алып, санавиация бөліміне барсам Жазылбек атай да келіп үлгеріпті.
– Ассалаумағалейкум,-деп сәлем бергенімде ол түсін жылытып:
– Уаликессалам,-деп қолымды алды.
Шопан атаны алғаш рет көруім. Бұрын сырттай баспасөз арқылы танитынмын. Енді, міне өзін көріп, жақын танысудың сәті түсіп отыр. Жазекең төртбақ, палуан денелі, жазық маңдай, дөңгелек жүзді, сымбатты кісі екен. Ақ қырау шалған сақал мұрты өзіне жарасып тұр. Кәстөмінің кеудесінде Еңбек Ерінің қос жұлдызы жарқырайды. Сәлемдескеннен кейін санавиация бөлімінің фельдшері мені таныстырып жатып:
– Мына кісі Тәжбенов Сейітқасым деген дәрігеріміз, аудандық ауруханаға ауыр науқасты қарауға бара жатыр. Сізді осы кісі санитарлық ұшақпен ауылыңызға жеткізіп салады,-деді.
Таныстықтан соң көп күттірмей, дайын тұрған санитарлық автөкөлікке мініп, әуежайды бетке алып жүріп кеттік. Ақсақал үнсіз қалың ой үстінде отырғандықтан мазаламайын деп мен де ештеңе дей қоймадым. Әне-міне дегенше әуежайға жетіп, автокөліктен түскен кезде оның түсі бұзылып:
– Қап, қара басып, асығып жүріп, балаларыма сақтап қойған алмаларымды ұмытып кеткенімді қарашы,-деп қатты өкінді.
– Жазеке, қам жемеңіз, әлі ұшаққа отырған жоқпыз ғой. Мен тез ауруханаға барып, ұмытқан заттарыңызды алып келе қояйын,-деп атайды әуежайдағы ыңғайлы орындыққа отырғыздым да, сыртта күтіп тұрған көлікке мініп, жүргізушіге:
– Ауруханаға кеттік,-дегенімде ол таң қалып:
– Мойынқұмға бармайтын болдыңыз ба?-деді.
– Жоқ барамыз, ақсақал ауруханада бір затын ұмытып кетіпті. Соны жылдам барып алып келуіміз керек,-дедім.
Ауруханаға жеткеннен кейін Жазекең жатқан бөлімге кіріп, кезекші медбикеге:
–Жазылбек атай балаларына апармақшы болған алмаларын ұмытып кетіпті, соны тез тауып бере қойыңыздаршы,-дедім.
Медбике сасқалақтап:
–Ұят болды ғой, ол кісі амаларды бізге әдейі қалдырған шығар деп жеп қойып едік. Мынау сол алмалар салынған пакет. Мүмкін болса, базардан алма сатып алып, өзінің пакетіне салып апарсаңыз дұрыс болар еді,-деп кеңес берді қыздар. Әуежайға қайтып бара жатып жол-жөнекей базардан алма сатып алып апарғанымда Жазекеңнің жүзінде нұр ойнап, қатты риза болып, қуанып қалды. Санитарлық «АН-2» ұшағына жайғасқан соң Жазекең:
– Доқтыр бала, өзің қай ауылдың тумасы боласың?-деп сұрады.
– Туған жерім Свердлов ауданы,-дедім.
– Онда қалаға жақын жерден болдың ғой. Ал біздің ауыл облыс орталығынан тым алыста жатыр. Жол азабы болмаса шалғай жатқан ауылдардың да өз артықшылықтары аз емес. Жерлері кең, төрт түлікке бай, ауасы таза, тұрғындары қарапайым, қонақжай, даласы жабайы аң мен құсқа толы. Мен үшін Мойынқұм жер жәннаты сияқты. Біраз уақыт сыртқа шықсам ауылымды сағынатын әдетім бар. Қалаға келсем өзімді ауа жетпей тұрғандай сезінемін. Мойынқұмды еш жерге ауыстырмас едім,-деп атақты шопан ағынан жарылды. Ол кезде ұшқыштар келіп, орындарына отырып, ұшақтың моторын іске қосты.
Қатты шудан құлақ естуі нашарлап, әңгімелесу мүмкін болмай үнсіз қалдық. Ұшақ аспанға көтерілген соң иллюминатордан дала көрінісіне көз тастап, әрқайсысымыз өз ойымызбен болып кеттік. Шопан атаның не ойлап отырғанын қайдам, мені мазалап келе жатқан ой, Жазекең мен аудандық ауруханадағы ауыр науқастың жағдайы. Ұшақпен ұшу Жазекеңнің денсаулығына кері әсерін тигізіп, қиналып қалмаса екен деп, ол кісіге байқатпай сырттай бақылап келемін. Бірақ бұл мазасызданғаным бекер болып шықты. Атақты шопан болса сыр берер емес, өзін бірқалыпты, сабырлы ұстады. Ұшақпен ұшуға әбден дағдыланғаны байқалады. Уақыт тоқтап қалғандай болып, ұшы-қиыры жоқ далаға қарай-қарай көзіміз талып, шаршап, қалғи бастағанымызда ұшақ төмен қарай құлдилап, әуежайға қонуға бет алды. Әуежайда бізді аудандық аурухананың бас дәрігері Үстіпбеков Жолдасбай күтіп алды. Сәлемдесіп қысқаша хал-жағдайды сұрастырғаннан кейін Жазекең:
– Қарағым Жолдасбай, мені хатшы балаға апар, сәлем беріп аман-есен келгенімді айта кетейін,-деді.
Жолдасбай маған қарап күліп:
– Жазекеңнің хатшы бала деп отырғаны ауданымыздың бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков қой. Бұл кісілердің арасында ерекше сыйластық қалыптасқан. Хатшыны өз баласындай көріп осылай атап кеткен, – дей келе Жазекеңе қарай бұрылып:
– Жазеке хатшыны мазалап қайтесіз. Қазір ол кісінің жұмысының қауырт кезі. Отбасыңыз бен балаларыңызды әбден сағанған әрі шаршаған боларсыз? Одан де Сізді тезірек үйіңізге апарайын, келгеніңіз туралы хатшыға өзім айтармын, – деді.
– Сенің сөзіңнің жөні бар екен, жарайды үйге апарсаң апара бер,-деп Жазекең келісе кеткені. Мен болсам жолшыбай аудандық аурухананың жанынан машинадан түсіп қалдым.
Қоштасарда Жазылбек Қуанышбаев:
– Доқтыр бала, мені ауылыма аман-есен жеткізгенің үшін саған көп рахмет. Өркенің өссін, жұмысың әрқашан алға бассын, аурулардан естігенің тек алғыс болсын, келген шаруаңды ойдағыдай атқарып қайт, – деп ақ батасын берді. «Жауынменен– жер көгерер, батаменен – ел көгерер» деген. Атақты шопан атаның жылы сөздері көңілімді жадыратып жігерлендірді. Жазекеңмен бірге өткізген аз ғана уақыт ішінде оның қарапайым, байсалды, түсінігі мол, аз сөйлеп, көп іс тындыратын нағыз азамат екенін, туған жері мен еліне, қартайғанда көрген егіз ұлдарына деген шексіз махаббатын ұқтым. Бір жағынан ел сыйлаған ақсақалдың батасының да көмегі болған шығар, сол жолы ауыр әл үстінде жатқан ауруға қажетті көмек көрсетіп, оны облыстық ауруханаға аман-есен жеткізіп, ажал тырнағынан арашалап алдық.

басқа жаңалықтар