Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕГЕН

ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ ТІЗГІНДЕГЕН

Жолаушылар таситын жеңіл автокөліктің жүргізушісі болып табаны күректей 40 жыл еңбек еткен Күлбарам Сұлтанованы тірі тарих, аңыз адам десек еш қателеспейміз.
 

 Әжейдің анасы жас күнінде отбасымен бірге Татарстаннан Тәшкенге қарай жолаушылап бара жатпай ма? Қазақстан арқылы өтетін поезд Жамбыл қаласының теміржол стансасына аялдайды. Сыртқа қарай беттеген татардың жас ару қызына көзі түскен жергілікті жігіттердің бірі уақытты бос жібермей алып қашып, шаңырағына келін етіп түсіреді. Қас – қағым сәтте қыздарынан көз жазып қалған әке – шешесі қанша іздесе де таба алмайды. Олардың одан кейінгі тағдыры беймәлім. Ал, қазақ отбасына келін болып түскен татар қызы осы оқиғадан кейін әкесі мен анасын мүлдем  көрмеген екен. Көп ұзамай жас жұбайлардың отбасында тұңғыш қыздары дүниеге келеді. Дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің кім екенін оқырман қауым өздері де сезіп отырған болар. Өзінен кейін артынан ерген інісі және сіңілісі және бар. Шешесі ойда жоқта қазақ әулетінің келіні  атанған жылдары небәрі 13 жаста болған екен.
Баласының қазақ емес, татардың қызымен шаңырақ құрғанына әке-шешесі әу бастан-ақ қуана қоймаған болатын. Шал-кемпір ұлын өз дегендеріне көндірмей қоймайды. Әкесі ата-анасының айтқанынан шыға алмай, ақыры қазақтан әйел алып тынады. Бұл мазаққа шыдай алмаған татар қызы үш баласын алып күйеуінен бөлек кетеді. Артынан кешірім сұрап барғанда да жүрегі жіби қоймайды. Көңіл түкпірінде жиналып қалған бар ашу-ызасын шығарып, өкпе-назын айтып жолдасын кері қайтарып жібереді. Кішкентай болса да қарсы келген қиыншылықтың қаншалықты ауыр екендігін үғынған Күлбарам қыз анасына жәрдемдесіп, бауырларын асырау үшін мектеппен, армандарымен қош айтысады. Анасы егістікте соқамен жер жыртса, қызы масақ теріп жүреді. Шешесінің қас-қабағына қарап, қолқанатына айналады. Арада үш-төрт жыл өткенде әкелері бұлардың өмірінде қайта пайда болады. Ондағы мақсаты – он алтыға жаңа толған бойжеткен қызын жақын досының ұлына ұзату. Анасымен, өзімен ақылдаспай сыртынан шешім қабылдаған әкесінің бұл қылығына қызы қатты ашуланады. Бұлқан-талқан болып ызаға булыққан бойжеткен қаша жөнеледі. Кешірім сұрап жалбарынған әкесіне мойын бұрып қарамайды да. Бұл оқиғадан кейін анасы бұрынғы қайын жұртына осыншама жыл мәпелеп өсірген перзентінің көз жасын кешірмейтінін, жалғыз жетілдіріп отырған балаларының өміріне араласуға хақысы жоқ екендігін айтып, туыстық қарым-қатынасты біржола үзеді. Балаларын алып Арыс қаласына көшіп кетеді.
Арысқа келісімен бойжеткен көлік жүргізушілерді даярлайтын мектепке  барып осында оқығысы келетін ниетін жеткізеді. «Көлік айдау қыз балаға тән кәсіп емес. Техниканың құлағында ойнау – еркектерге ғана лайықты іс» дейді басшы мұны жақтырмай. Айтқанынан қайтпайтын өжет қыз оған ерегісіп «осында оқуыма, көлік айдап үйренуіме рұқсат бермейінше бұл жерден ешқайда кетпеймін, керек болса қонуға бармын» дейді қасарысып. Бойжеткен болса сол отырғаннан тапжылмай кешке дейін күтеді. Әлдеқашан кетіп қалған болар деп жұмыс орнына кіріп келген басшы қыздың бүрісіп ұйықтап жатқанын көріп қайсарлығына тәнті болады. Он сегізге келмеген бойжеткеннен мұндай батылдық күтпеген екен. Қарамағындағыларға «Мына қыздың болмысы бөлек, ер мінезді екен. Бастысы өзіне нақты не керек екенін біледі, сол үшін күресе алады. Маған осындай адамдар керек» деп қызды өз тобына қабылдайды. Бір айға жетер-жетпестен бұрымды ару көлік айдаудың шебері болып алады. Жаңа жұмыс орнына тез сіңісіп кеткен ол алғашында бидай, сұлы секілді дәнді дақылдарды тасымалдаумен айналысады. Сол жерде жүріп механик болып істейтін жігітпен отау құрады. Сария есімді жалғыз қызы өмірге келгеннен кейін жас жұбайлар Шымкентке қоныс аударады. Ол қалада да біраз жыл еңбек етіп, кейінірек Таразға көшіп келеді. Жұмысбасты болса да отбасының да, ауылда қалған анасының да жағдайын жасауды естен шығармайды. Жолдасы мұның жұмысына барлық уақытта қолдау көрсетіп отырады. Қаншама жыл бірге күн кешіп, қайғы мен қуанышты бірге бөліскен, құстың қос қанатындай үйлесімде ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар бір-біріне қарсы шығып, кикілжіңге келмепті. Оңтүстік өңірде әйелдер арасынан шыққан тұңғыш такси көлігін жүргізуші өзі таңдаған кәсібіне қаншалықты адал болса, жолдасы мен анасына да дәл солай адалдық танытады. Анасын алып қашқанда жолдары айырылысқан нағашы туыстарын іздеп Татарстанға хат жолдайды. Жауап келмейді. Сонда да бір ғажайыпқа сеніп, жазуын тоқтатпайды. Ақырында алыс елден туыстарының табылғандығы жөнінде жағымды хабар жетеді. Анасының көзін көрген нағашылары бұларды іздеп Қазақстанға арнайы келеді. Өкініштісі қызын бір көрсем деп арманда кеткен әке-анасы  ол уақытта бақилық болған екен. Отыз үш жылдан кейін қайта қауышқан апалы-сіңлілілер, інілері ұзақ уақыт қуаныштан төгілген көз жастарын тыя алмайды. Жетім атандырмай, қатардан кем қылмай өсірген анасының алдындағы перзенттік парызын осылай өтейді.
Бірде балалығы өткен ауылдан суыт хабар келеді. Әкесі қатты науқастанып қалса керек, ұл-қызын көргісі келетінін айтып хабар жіберіпті. Бауырлары, отбасы бәрі жиналып ауылға қарай тартып кетеді. Өзегін өртеген өкініштен іш-құса болған әкесінің аянышты халін көріп перзенттерінің жүрегі езіледі. Сона-ау жылдары жүрегін мұз қып қатырып тастаған ыза-кектің табы да қалмайды. Отыз жылға жуық бір-бірінен алшақта жүрген отбасы қайта татуласады. Әкесінің қазақ жұбайы шын мәнінде түсінігі мол, зерделі дана әйел екен. Өзі де, балалары да бұларды өгейсітпей шын ықыласпен қарсы алады. Жасаған жақсылығына, көрсеткен мейіріміне сүйсінгендіктен оны екінші анамыз деп атап кетеді.
Күлбарам Сұлтанова заман-дастарының жадында өңірдегі тұңғыш әйел жүргізуші болып сақталатыны сөзсіз. Әжей такси көлігінің жүргізушісі болып жүрген тұста талай қызықты басынан өткерді. Бастысы – халықтың сүйіктісі бола білді. Ол араламаған ауыл-аудан, қала атаулы жоқ шығар, сірә бұл өңірде. Көп жолаушылар тек осы әйелдің көлігіне мінуді қалайтын. Себебі, адамды өзіне баурап алатын, тез тіл табыса алатын қасиеті бар еді. Жұмысын адал атқаратын, кейбір ақшасы жоқ қарапайым кісілерді тегін жеткізіп тастайтын кездері аз болмайтын.  
Бірде өңірімізге атағы күллі Кеңес Одағына жайылған әйгілі актер Евгений Леонов арнайы сапармен келеді. Өнер иесін алып жүру, қыдырту міндеті осы кісіге жүктеледі. Бірнеше күн бойы актердың жеке жүргізушісі болған ол  кино жұлдызына қаланы аралатып, бірге серуен құрып, қосылып ән шырқап, уақытты қызықты өткізеді. Күлбарамның ашық-жарқын мінезіне өнер иесі риза болады. Бұл біздің кейіпкеріміз тасыған жалғыз танымал тұлға емес. Америкадан келген журналист әйел де еліне қайтқанынша осы жүргізушінің қызметін пайдаланыпты. Кәсібінің нәсібін көрген әжей жүрген жерінде шындық үшін шыр-пыр болатын. Орысша сөйлеп тұрғандарды көрсе тез сабасына түсіретін. Жұмысына селқос қарайтын әріптестеріне ақылын беретін. Сын айтатын, әрине, түзелсін деген ниетпен. Осы мінезімен де әріптестерінің арасында сыйлы болды. Мөлдіреген көзіне, төгіліп тұратын бұрымына қарап "сендей сұлуға Хадиша есімі көбірек жарасады" деп өз араларында Хадиша атайды екен әріптестері. Содан бері Кулбарам апа Хадиша атанып кеткен.
Реті келгенде айта кету керек, әжей облысымызға арнайы атбасын бұрған Елбасымен екі мәрте жүздесіп, ол кісімен сұхбаттасудың сәті түсіпті.Әжей еңбек демалысына шыққаннан кейінгі жылдарда да бос қарап жатқан жоқ. Облыстың татар этносының өкілдерінен құралған ансамбльде жиырма жылға жуық уақыт өнер көрсетті. Қазақтың әнін тамылжыта орындайтын ұжым қаншама рет сайыстарда топ жарып, жүлделі орынға ие болған. Әженің өмірдегі басты арманы қызы Сарияның да көлік тізгінін ұстағанын көру болатын. Бірақ қызы темір тұлпарды жүргізуден жүрексінетін. Есесіне қызының қызы Ғалия немересі әжесінің жолын қуып, жас күнінен көлікке құмар болып өсті. Әжесінің ақ батасын алған соң, көлік жүргізіп, оның оқуын бітірді. Қазір машинаны ер азаматтардан кем айдамайды.   
 «Әкеме ашуланғаным сонша ол бізді көргенде қызғаныштан іші күйетіндей жоғары беделге, құрметке бөленгім келді.  Сол арманымды орындауға таптырмайтын кәсіп осы деп ойладым. Себебі ер азаматтың жұмысын атқарып шаңырағымда әкемнің орнын басқым келді. Үйдегі еркек өзім деп есептедім. Өмірімнің мәніне айналған кәсібімді жан жүрегіммен жақсы көрдім» деп бұл кәсіпке қалай келуіне не түрткі болғанын баяндап берген әжейдің жас іркілген жанарына мұң ұялады...
 

басқа жаңалықтар