Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ШЫНАЙЫ ӨМІР, ШЫМЫР СУРЕТТЕР

ШЫНАЙЫ ӨМІР, ШЫМЫР СУРЕТТЕР

Көсемәлі Сәттібайұлының талантты шығармашылығы мен табысты журналистік қызметі ел-жұрттың көз алдында. Оның кезінде республикалық басылымдар беттерінде дүркін-дүркін жарияланып тұрған дүмпуі бөлекше, маңызды да мазмұнды материалдарын оқырмандар барлық уақытта да жылы қабылдайтын. Әсіресе, республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып жүргенде аймақтағы орын алып отырған олқылықтарға кінәлі басшыларды қаламының ұшымен қалтырататын.
«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, бұдан кейін Көсемәлі еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» осы облыстағы меншікті тілшісі болып біраз жылдар жемісті қызмет атқарды. Артылған сенімді азаматтық бітім болмысымен және журналистік қарымды қабілетімен ақтап шығып, қаламдастар арасында алдыңғы саптан көрінді. Ал, кейінгі жылдары облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторлық қызметін атқарып келеді. Мұнда да халық күткен биіктен көрініп, алпысты алқымдаған Көсемәліні нағыз шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпардай шабытты шағында десек асыра айтқандық болмас.

қтан астам «Аран» атты әңгімелерінен, хикаяттарынан, ертегілерінен тұратын қарыстай қалың кітабы қолыма тиісімен, оған жанталаса бас қойдым. Бұл кітап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағат комитетінің әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы бойынша басып шығарылыпты.
Тақырыптарының өзі тамаша. Оқи отырып рухани  ләззатқа бөленесіз,  оқиғаға орай айтылған қағытпа қалжыңдарына өзіңізден өзіңіз еріксізден езу тартасыз. Енді бірде есерсоқ кейіпкерлерінің әрекетіне ашуың алқымыңа тығылып кіжінесің. Тағы бірде шат-шадыман болып, Көсемәлінің кейіпкерлерімен бірге жүргендей күй кешесің. Осының бәрі де өмірдің өзінен ойып алынған қоспасы жоқ әдемі көріністер мен суреттер.
Ал енді «Жылқыбай жездемнің сақалы» деген әңгімесін оқи бастағаннан езуіңіз екі жаққа кете бастайды. «Кімде жезде жоқ дейсің? Сақалының сыры неде екен?» деген сұрақтың бастапқыда мазалағаны да рас. Әдебиетте сынның садағын ұстамасақ та, жұдырықтай әңгіменің жұмырлығына тәнті болдық, шығармада – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы шынайы көрініс тауыпты. Күні кеше ғана Құдайдың үйі – мешіттер әр ауылда бой көтеріп, ел игілігіне беріле бастағанда, тіл-аузымыз тасқа, адамдардың имандылыққа беті бұрылып, рухани өмірімізде өркенді өзгерістер бола бастады емес пе?!
Соны Жылқыбайдың сақал қойуынан анық аңғарасың. Оны бүгінгі күннің типтік бейнесі деп айтсақ та жаңылыса қоймаймыз. Өйткені, ол қазақ қоғамындағы бәрінің басынан кешіп жатқан ортақ іс-қимыл әрекеті. Қайсы ауылдан болса да Жылқыбайларды кездестіруге болады. Кешегі кейпіне шын ниетімен өзгеріс жасап, сәндеп сақал қойып, имандылық пен ибадаттылыққа беті бұрылғандар, Құдайға құлшылық ұрғандар қазір арамызда аз емес. Адамшылықтан асып-тасып кетпейтіндер көбейді. Оның осы бір адамдық асыл қасиетін көре алмаушылар кекесін мен келемежге, сақалын сайқымазаққа айналдырып, әзіл-әжуаға матап тастағысы келеді.
Кешегі партком хатшысы, бүгінгі мәдениет ошағының басшысы Балғабай мен адамдық қалпынан айнуды білмейтін Жылқыбайдың арасында салыстыруға келмейтін жер мен көктей айырмашылық бар. Балғабай әйгілі Жантықтың бойындағы жандайшаптықты, жағымпаздықты, қулық пен сұмдықты тырнағының астына тізіп алған алаяқтың нақ өзі. Аудан әкімінің қолын қысып қалудың өзін зор мәртебе санайды. Қасиетті Рамазан айындағы айт рәсімінде битін сығып, қанын жалап отырған түгі жоқ адамдай құйтақандай серкені құрбандыққа шалғызуынан-ақ қара бастың қамымен адамдықтың ауылынан әлдеқашан алыстап кеткені көрініп-ақ тұр. Сәждеге жығылу сәтіндегі шұрық-тесік шұлығының өзі оның өзгеге де, өзіне де дүние қимайтын қорқаулығын көрсетпей ме?! Ал, қарапайымдылық қалпынан өзгермейтін Жылқыбайдың үрке қараған Балғабайға табан астында сүйектен өтер өлеңімен өлтіре жауап беруінен-ақ, оның адамдық бейнесін танығандай боласың.  
Еркек атаулының бәрі осы Жылқыбай сияқты жұғымды да ұғымды болса екен деп тілейсің. Оның жолын өскелең ұрпақ өмірінде бағдаршам етіп ұстаса екен дейсің. Әңгіменің соңғы парағын жапқанда, арқаңнан кәдімгідей ауыр жүк түскендей сергіп, серпіліп қаласың. Өз айналаңдағы пенделердің жаманы қайсы, жақсысы қайсы деген ойдың орманына сүңгіп кеткеніңді білмей қаласың.
Шынайы шындықтың нәрі бөлек тұрады. Осы орайда әңгімелер топтамасындағы «Оқшаулау», «Әбдіқадырдың моншасы», «Сәтсәлізімнің дерті», «Қайнарбектің қаны», «Аран», «Шаншудың балконы», «Шарбақтының жалғызы», «Қырандар мен құзғындар», тағы басқа да әңгімелерін және «Жаралы жапырақтар», «Шеткері үйдің жарығы» атты хикаяттарын да осал дүниелер деп айтуға аузымыз бармайды. Өйткені, Көсемәлінің жандүниесінің жаңғырығы алға ұмтылған арынымен, ерекшелігі бар дарынымен мыңдап саналатын оқырмандарының көңіл көкжиегінен баяғыда-ақ қоныс тауып үлгергенін жақсы білеміз. Халық мойындаған жазушыны қалай көтермелесе де жарасады. Оған қандай құрмет көрсетсе де құптауға лайық.
Аталған кітаптың үшінші бөлімі ертегілерден тұрады. Мұның тылсым сырына үңіліп көрмеген адам «тек балаларға ғана арналған дүниелер екен ғой» деп шолақ ой түюі мүмкін. Алайда, олай емес. Қазандай қайнап жатқан мына жарық дүниеде баласыз өмірдің қызығы жоқ екенін кейде елей бермейміз. Ал, Көсемәлінің ертегілерінің бәрі де бүгінгі өмірмен біте қайнасып жатыр. Оларды оқып отырып бір жағы таңырқайсың, жазушының тап басып, тауып жазған тапқырлығына, қисынын келтірген шеберлігіне.
«Ары қарай оқиға желісі қалай болар екен, немен тынар екен?»  деп тағат таппай шұқшиған үстіне шұқшия түсесің. Оның әр ертегісі балаға да, ата-анаға да таптырмас тәрбие құралы екеніне көзің жете түседі. Әттең, осыларды мектеп бағдарламасына еркін кіргізіп, кеңінен пайдаланса, бұдан жас ұрпақ та, ұстаздар да ұтпаса, ұтылмас еді. Жазушының жасөспірімдерге арналған шығармалары тектен-текке «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып жүргені тегін емес болса керек.
Жазушының «Бірлікті іздеген бала немесе Ұлыстың ұлы күні болған оқиға» атты діни-пәлсапалық ертегісінің желісіне ой жіберіп көрейік. Мұнда да әңгімелері мен хикаяттарындағыдай армансыз ауыл тақырыбын үңгиді. Ертегі басталғаннан-ақ, Діннұр атты баланың таңмен таласа тұрып, табиғат құбылыстарына тамсана да қызыға қарайтыны ә дегеннен-ақ адамды бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, кішкентай кейіпкеріміз шынашақтай торғайлардың үзіліп кетердей үніне құлақ тосып тұра бергенді қалайды. Одан бас тартпайды да. Бұл оның балаң болса да зердесі мен зейінінің ұшқыр екенін меңзейді.
Құйтақандай құстарды досындай көретін баланы әкесінің мешіттің айналасынан үй сатып алғаны теңдессіз қуанышқа бөлейді.  Оның Алланың үйінің жанында тұрғандығынан, Аллаға сыйынып, бой түзегендігінен болар бойынан тап-тұйнақтай жинақылық байқалады. Әкесі Әбдікерімнің жаман ауруға тап болғанына байланысты дәрігерлердің ауруханадан шығарып тастауының өзі оның жұдырықтай жүрегін беймаза күйге түсіреді. Жүрсе де, тұрса да әкесінің осы дерттен айығып кетуін тілейді. Іштей болса да сары уайымға салынып жүргенін сезесіз. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған наурыз көжеге керекті жеті дәннің бірі – тарының жетіспей тұрғанын анасы айтып, соны алып келуге Діннұрды базарға  жұмсайды. Елгезек бала елпең қағып соған кетеді.
Осы жерде қаршадай баланың мейірімділігін, ізеттілігін, қайыры бар қамқор бала екенін көресіз. Оның жол үстінде қалтаң-құлтаң етіп, таяғымен жер шұқылап жүрген зағип қарияны жолға салып жіберуі, бірге оқитын досы Еркебұланға қарызға ақша беруі, бәрінен де базардағы сауда-саттықтағы апайдың сөмкесіндегі бар тапқан-таянғанын қағып кеткелі тұрған суық қолдың сұғанақтығына тосқауыл қоюы жаныңды сүйсіндіріп жібереді. Ниеті мен пейілі дұрыс бала ұрының уысынан құтқарып қалған апайының арқасында көптен көксеп келе жатқан арманы – компьютерге, зағип қарияға қол ұшын беруімен велосипедке, болар-болмас болса да әкесінің дәрі-дәрмегін алуға тиісті қаражатын досына қарызға бергені үшін зор алғысқа ие болады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей қарғадай бала сөйтіп, Ұлыстың ұлы күні базарда арашалап алған апасының, жолға шығарып салған зағип атасының, қарыз алған Еркебұлан досының, әкесінің қалін сұрай келген мешіт имамының арқасында әулетімен бірге наурыз көже ішіп, емен-жарқын тойлап, бір жасап қалады. Содан сыйға алға компьютерінің қобдишасын ашып, тізбеленіп тұрған сандардан бастап, тілге қатысты әріптерге дейін бас қатырып жауап іздейді. Апасы айтып кеткендей, нені іздесең соған жауап табады екенсің. Соның бәрін саналы түрде сарапқа салып, сансыз сұрақтарына сан-салалы жауаптарын алады. Кейбіреулерімен келісімге де келе бермейді. Өз қалауын істейді. Түптеп келгенде, тары деп алып келген дәнінің тары емес, алтын болып шыққаны олардың отбасын сауапты іске бастайды.
Он жасынан намазға жығылып, бес уақыт намазы мен жұма намазын қаза жібермеген Діннұрдың ниеті мен тілегі халықтың бірлігі мен ынтымағы болады. Ол соны іздейді. Әкесі аса қорқынышты ауруынан айғып, тікесінен тік тұрып намазға жығылады. Әулеттеріне құт-береке кіріп, жандарына шуақ ұялайды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп ұлы Абай айтып кеткен қастерлі сөз олардың қамқоры мен қалқанына айналады. Діннұр Алланың алдындағы ажары ашық,  халықтың ұлы болып қалады.
Жазушының бұл шығармасы, ертегі деген атауы болмаса, өмір шындығының өзі екеніне ешкім де шек қоя алмайды. Жазушы жанрлық жағынан да бұл тақырыпқа тегін түрен салмаған. Сондықтан болар оның оқырман үшін мәні мен маңызы да бөлекше. Ой сүзгісінен өткізгеннен кейін қалқып алар қаймағы қалың екенін қанағат тұтасың. Сол сияқты «Тәтті ертегі» мен «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» және «Күнге ғашық өлкеде» ертегі-хикаяттары да көзді ашып, көкіректі оятар құнды дүниелер екеніне оқып шыққан адамның көзі жетеді.
Мен Көсемәлі Сәттібайұлының «Аран» кітабын айызым қанып оқып шыққаннан кейін құрсаулы ойдың құшағында қалдым. Көз алдыма оның студент кезіндегі бізге қораштау болып көрінетін, кейде қолында, кейде қолтығында жүретін «Общая тетрадь» деген қалың дәптері  елестеп тұрып алды. Енді ойлап отырсам сол қалың дәптердің іші болашақ талантты жазушының толған әдеби әлемнің алғышарттары жазылған дүниеге толы екен ғой.
Ол тегін жазушы емес. Әйтпесе, оған қазақтың қасқа маңдай ақиықтары Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Молдахмет Қаназов, Баққожа Мұқай, Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт, тағы басқалар баталарын  арнасынан асырып, ақтарып салмас еді. Ағаларының артқан сенімін ол ақтап келеді. Қазақтың қамшы салдырмас жанкешті жазушыларының қатарында, қалың қауым оқырманы Көсемәлі Сәттібайұлынан бұдан былай да шынайылығымен, шымырлығымен баурап алар сүйекті де сүбелі шығармалар күтеді. Оның шабыт құшағындағы шабысы алпыстың асқарына енді шыққанда, ерекше екпін алып келе жатқан сияқты.
Лайым, солай бола бергей!
 

басқа жаңалықтар