Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

СЕЙТЖАН - РОМАН ҚҰДЫҒЫ

СЕЙТЖАН - РОМАН ҚҰДЫҒЫ

Қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесін оқымаған қазақ кемде -  кем шығар.Осы шығарманың басты кейіпкері – Еңсеп кедей отбасынан шыққан шаруа кісі.  Құдық қазу – Еңсептің атакәсібі. Бұл істің көзін тауып, жетік меңгергендігі соншалық оның құдықшылығы сол елге аңыз болып тараған. Алайда Еңсептің ажалы  осы құдық қазудан келерін кім біліпті дейсің. Бір бай -  бағланның тапсырысымен кезекті бір құдықты қазу барысында Еңсептің басы тасқа соғылып, төбедегілерді көмекке шақыруға дәрмені жетпестен түпсіз-тұңғиық шыңырауда жантәсілім етеді. Әуеліде жұрт құдыққа Еңсептің қаны тиген деп жақындауға сескеніп, алыстан Еңсептің қиналған дауысын естігендерін айтып, шыңыраудың маңайына жақындауға батылдары бармайды. Кейіннен сол шыңырау ел аузында «Еңсепқазған», кей кездерде «Еңсепөлген» аталып кеткенін оқыған едік.

Сондай белгілі бір тұлғаның есімін иемденген құдықтар өте көп. Өкініштісі солар жөнінде жарытып біле бермейміз. Әрине, бірлі-жарым жасы ұлғайған ақсақал кісілерді есептемегенде. Талас ауданындағы «Тоқайқазған» қысқы мал жайылымында Сейітжан және Роман есімді ағайынды жігіттердің есімін алған «Сейітжан - Роман құдығы» бар. Құдықтың Сейітжан мен Романның атын алуы да тегін емес.  Шыңырау повесіндегі «Еңсепөлген» секілді, бұл құдықтың да өз тарихы бар.
Құдық қазу, тіптен де, оңай шаруа емес. Әсіресе осы өңірдегідей құмдауыт жерлерден құдық қазу – азаптың азабы. Талас өңірінде құм басқан шөлді аймақтан құдық қазып, тереңнен су шығарып малшыға да, малға да жағдай жасай білген Сейітжан және Роман есімді ағайынды жігіттердің есімі елдің әлі есінде.  
Сейітжан да, Роман да Ойық ауылынан шыққан. Соғыс басталғанға дейін сол ауылда әртүрлі жұмыстармен айналысқан көрінеді. Соғыс жылдары ауылдың ер - азаматтарымен бірге Отанын қорғауға майданға Сейітжан Иланбеков те аттанады. Әскер қатарына 1942 жылы алынған Сейітжан Калинин майданында соғысқан. Біздің кейіпкеріміз Мәскеуден Польша, Беларусь жерлерін басып өтіп, Берлинге жетеді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Сейітжан Иланбеков  «За боевые заслуги» медалімен марапатталды.  
Соғыстан аман-есен оралған Сейітжанның ендігі өмірі құдық қазу кәсібімен тығыз байланысты болады. Кеңшардың мал шаруашылығында бригадир қызметінде жүреді. Бригадир барлық жұмысқа жегіле береді ғой. Жақын бауыры Роман екеуі құмнан құдық қазып, сауапты іс жасап, кәсіби құдықшыларға айналады. Оларға келіп түсетін тапсырыстар да көбейе бастайды. Бір құдықты қазып бітісімен келесі құдыққа көшеді...
Сол бір жан түршігерлік қайғылы оқиға болған күн де әдеттегідей басталған еді. Әдеттегідей шығыстан күн шыққан. Таңғы астарын ішіп әлденіп алған ағайынды  екі жігіт келесі орынды барлап, құдықты қай жерден қазған ыңғайлы екендігін ақылдасады. Осы маңайдан қазуға болады-ау деген жерді белгілеп алған соң, қолдарына күректерін алып жұмыстарына кірісіп кетеді. Әжептеуір тереңдеген құдықтың ішіне құм құйылып кетпес үшін қабырғасын сексеуілмен шегендеп отырады. Әлден уақытта біраз тереңдікте жүрген ағайынды құдықшылар төбелерінен құм құйылып жатқандығын байқап шығуға әрекет жасайды. Алайда, маңдайларына жазғаны сол болар, шегендеген сексеуіл де, құдық та опырылып жігіттердің үстін басып қалады. Сол маңайда жүргендер көмектесуге қанша әрекеттенгенімен қолдарынан ештеңе келмейді. Ауылдан шақыртқан техника мен адамдар да тез арада келе қоймайды.  Ауыл болып жабылып жатып құдықты әрең аршып алған көпшілік қайғылы көріністен еріксіз жанарларына жас алады. Ағайынды екі жігіт құшақтасқан күйінде жан тапсырған екен.
Ойық ауылының  тұрғындары бұл оқиғаны әлі күнге дейін аңыз етіп айтып отырады. Өздері туып - өскен ауылдарында ағайынды Сейітжан мен Романның құрметіне ерліктерін еске салып тұрарлықтай  арнайы монумент орнатылған. Екеуі оқыс оқиғаның құрбаны болғанмен, олардың қазған құдығынан бүгінге дейін мөлдіреп су ағып тұр.  Өздері соңғы рет қазған сол құдық күні бүгінге дейін ағайынды Сейітжан мен Романның есімімен аталады.

басқа жаңалықтар