Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ҚАРА ЖҰМЫСТЫҢ ҚАЗАНЫНДА ҚАЙНАҒАН

ҚАРА ЖҰМЫСТЫҢ ҚАЗАНЫНДА ҚАЙНАҒАН

Адам мамандық пен жар таңдауда жаңылмаса, өмірде жолы болғаны. Бұл біз ойлап тапқан ұлағат емес, ата-бабаларымыздан қалған қасиетті қағида.


–Алла менің бағыма Кенжегүлдей адал жарды берді. Жиырма жастағы жігітпін. Менен басқа сүйеніші жоқ қарт әжем мен күйеуі майданда қаза тапқан анамды ауылда қалдырып, оқуға бара алмадым. Әйтпесе, мектепті әжептеуір-ақ жақсы бітіргенмін. Таңдауым – шоппанның ақ таяғы. Соқа басты бозбалаға шаруашылық басшылары бір отар қойды сеніп қайдан тапсыра қойсын, шопанның көмекшісімін. Аға шопан Рәсілхан – жақсы кісі. Менің қасымда әжем Оразкүл бар.
Бас малшының айтқанын екі етпей орындап, барымды салып жұмыс істедім, бірақ ферма меңгерушісі Сыздықбекке жақпай-ақ қойғаным. Бар ықыласым жұмыста. Үйде әжем жағдайымды жасап жатыр. Жарықтық «Қазбегімді үйлендіріп, жақсы бір жардың қолына тапсырып кетсем» деп армандайтын. Өз туған келіні Бәтшайға сенбегені ме, әлде қызғанғаны ма, соны әлі күнге түсінбеймін. Алла кімді дегеніне жеткізген, Кенжекүлдің келін болып түскенін көре алмай кетті Оразкүл әжем,-деп еске алады бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған еңбек ардагері Қазбек Өмірзақов қария.
Оразкүл әже қайтыс болғаннан кейін Қазбек шаруашылық орталығында отырған шешесі Бәтшай апаны қолына алған. Әйтпесе, бұған дейін жастайынан әженің бауырында өскен Қазбек өз анасын шешем деп мойындаған емес.
Қазбек ауылдағы қыздардың ішіндегі іске икемді, шаруаға пысығы, қара торының сұлуы Кенжекүлді 1959 жылы келін етіп түсірген. Әттең, Оразкүл әжесі көрмей кетті, әйтпесе, нағыз сол кісі армандаған келін.
Кенжекүлмен бірге үйге бақ пен қыдыр қоса келгендей. Совхоз бір отар тоқты берген. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген рас-ақ қой, бұрынғы азды-көпті уақ тұяқтың да басы көбейген. Қазбектің жұмысқа ынтасы бұрынғыдан да арта түскен. Тірлігіне әбжіл. Бағымындағы малы аман, қоңды. Жаз жайлауда өріс таңдау, жердің отына қарай қоныс аударып отыру, малды қысы-жазы құдықтың суымен суару, малды тоғытпадан өткізіп, уақтылы қырқу, күпкеге салу, тағы басқа осындай малшы міндетіндегі жұмыстарды кестеге сай дер кезінде атқарып отыру Қазбектің әдетіне айналған. Ол кезде шаруашылық қыстауларды жабық қорамен толық қамтамасыз етіп үлгере алмаған әлі. Құм өңіріндегі отарлардың көпшілігі ашық қорада. Шопандар малға шашқан шөптен қалған кәшекке қи араластырып шомқора жасап алған. Құм іші жылы. Бұйрат-бұйрат құм жалдарының ықтасын жерін таңдап салынған қоралар да жылы. Оның үстіне Қазбек отарды өріске шығарып кеткеннен кейін Кенжекүл малдың қиын қора ортасына әр жер-әр жерге жылы күйінде үйіп қояды. Кешке малды қораға қамарда жаймалап тастасаң, малдың астына көрпеше төсегенмен бірдей.
–Қой бағу – ғылым. Малшылар сол ғылымды терең меңгерген дала академиктері деп бағалауға лайық. Соғыс кезінде, одан кейін де қой шаруашылығында еңбектің басым бөлігі әйелдердің еншісінде болды. Олар өрісте мал қайырумен қатар қозы алу, сақпан бағу, қырқын, қозы бөлігі кезінде белсенділік таныта жүріп, қой сауып, құрт қайнатып, май шайқап, дастарханның да  берекесін кіргізіп қоятын. Әйелсіз тірлік жоқ қой. Олар араласқан жерде іс тынып, берекесі кіріп жатады. Кенжекүл жеңгең де сондай әбжіл әйелдердің бір еді,-деп өткенді ризашылықпен әрі сағынышпен еске алып отырады Қазбек қария.
«Қарадан шығып хан болған» деп бағалауға лайық тұлға, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев өте шаруа адам еді. Ол ой-шұқырына қарамай малдың өрісін  шопанның қонысын өзі аралап шығатын, сондай отар аралаған бір сапарында өрісте қой жайып жүрген Қазбектің тірлігіне ризалығын білдіріп, «мен саған бір жылқы берем» дегені бар. Ісіне мұқият, шаруасына ықтиятты жас жігітке ықыласы ауып, мейірімі түскені күні бүгінгідей есте.  
Халық айтса, қалпы айтпайды, тегінде «Басшы – біреу, қалғаны – тіреу болған жерге береке дариды» деген рас. Сағынтаевтың мамандары мен малшылары шетінен іскер, өз ісінің шебері, білгір. Ойыңдағыны айтқызбай орындап жатқаны. Дегенмен, істің барысын бақылап, қадағалап отыру, науқандық жұмыстарды ұйымдастыру, малшының жағдайын жасау, қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отыру– басшының міндеті. Атағы Одаққа әйгілі, Мәскеуде партия съездері мен Жоғарғы Кеңес сессияларында төрда отырған делегат, депутат Әбдір Сағынтаевтың сөзі өтімді, қолы ұзын. Шаруашылық мамандарына да, малшыларға да қалыпты жағдай жасайды. Сонсоң жұмыстан кім аянсын.
Жақсы әйел ер-азаматтың басын төрге сүйрейді. Қазбектің арнайы оқу орнында оқып, мамандық алуына да себепші болған жары Кенжекүл.
Шаруашылықтың да, шаруаның да жағдайы жақсарып, жастар жаппай білім алуға, мамандық игеруге ден қойған кез. Совхозда бірқатар мамандар сырттай жоғары, орта арнауы оқу орындарына оқуға кетіп жатты. Қазбектің ойында ештеңе жоқ. Оған түрткі болған Кенжекүлдің өзі.
–Ана Шолақ та оқуға кетті. Сен одан кемсің бе, бар, бағыңды байлама!-деп қайрайды Кенжекүл. Шолақ деп отырғаны Оразбек Әбдірайымов.  Құрдас әрі әжесінің аты кететін болған соң, осылай атайтын ойнап.
Қазбек келісе қоймаған соң, үйге Үсенбай қайнағасын ертіп келіпті бір күні.
–Әй, Қазбек, мына келін сенің оқып, мамандық алғаныңды қалап отыр. Мұндай мүмкіндікті кім береді саған. Малды мен бағамын, үйіңе де қарайласып тұрамын. Бірақ келін ешкімнің көмегіне зәру емес, өзі-ақ шыр көбелек айналдырады тірлігін. Сен бар, оқы! – деді ол кісі әңгімесінің басын жайлап бастап, аяғын қатайтып. Тіпті, бұйрық бере сөйледі.
Осылай жоғары оқу орнының дәм-тұзын тартқан Қазбек Өмірзақов 1972 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп шыққан. Ол оқыған кезде уәдесінде тұрған Үсенбай ағасы мен Ақшай жеңгесі Бәтшай апа мен Кенжекүлге іргелес отырып, жағдай да жасап жүрді.
Жас маман Қазбек алғашында Мойынқұм ауданының «Мойынқұм» совхозында зоотехник-селекционер, кейін бас зоотехник болып қызмет атқарған. Осында жүргенінде Мәскеуде Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясында қаракөл қойы тұқымын асылдандыру жөніндегі үш айлық біліктілігін  жетілдіру курсынан өтті.
1977 жылы Жамбыл ауданындағы облыстық тәжірибе стансасына ауысып, осында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. 1981-1999 жылдары мал шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметінде болды. Тәжірибе стансасында жұмыс істеп жүргенінде тағы да сол Мәскеуде Бүкілодақтық К.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында сүт және сүт өнімдерінің сапасын арттыру жөніндегі бір айлық біліктілігін жетілдіру курсынан өтіп, шаруашылықта атақты Әулиеата тұқымды сиырлардың сүт өнімділігін арттыру мен мал тұқымдарын асылдандыруға зор үлес қосты. Еңбегі жемісті болды.
Мұның бәрі 37 жыл бірге жұбайлық ғұмыр кешкенде (ол кісі 1996 жылы қайтыс болған) Қазбектің жанына жалау болған асыл жары Кенжекүл жеңгеміздің, алған мамандығы бойынша адал қызмет атқарып, жұмыста біліктілік танытқанының арқасы.
Қазбек ағамыз «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Құдайдың берген 3 ұл, 3 қызынан немер- шөберелер сүйіп отырған ардақты ардагер. Қазбек Өмірзақов бүгінде кенже ұлы Қайсар мен Индира келінінің қолында. Өзіне осындай бақытты ғұмыр сыйлаған Аллаға да, жағдайын жасап, күтіп отырған ұлы мен келініне де риза.
Өмірдің ыстық-суығында шыңдалып, шаршамай-шалдықпай ширақ жеткен 80 жасыңыз құтты болсын, ардагер аға!

басқа жаңалықтар