Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

БАТЫРДАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

БАТЫРДАН ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА

Ұлы Отан соғысында ортақ Отан үшін ортақ жауға – фашизмге қарсы күресте қаншама боздақтар мерт болып, ана ұлынан, әйел жарынан, бала әкесінен айырылды, оның зардабы елдегі бірде-бір отбасын айналып өткен жоқ. миллиондаған боздақтардың сүйегі майдан даласында қалды, нешеме мыңдаған жауынгерлер мүгедек болып елге оралды. Соғыс салдарынан Кеңес Одағы  құрамындағы республикалардың даму үрдісі тежеліп, халық шаруашылығы күйзеліске ұшырады. Бұл тұрғыда айтар сөз аз емес.
Иә, уақыт бәріне емші... Десек те біз өткенімізді ұмытпай есте ұстайтын, барымызды бағалай білетін халықпыз. Сондықтан Жеңіс сарбаздарының көзі тірісін құрметтеп, бақилық болғандарының рухына зиярат етеміз. Төменде біз екінші дүниежүзілік соғыста неміс-фашистеріне қарсы күресте аты аңызға адамға айналған батыр партизанмен болған кездесу жөнінде сөз етпекпіз.
 

Әлі есімде 1989 жылдың желтоқсан айы болатын.Мен ол кезде «Алмалы» кеңшарында партия ұйымының хатшысымын. Ертеңгісін жұмысқа келгенімде кабинеттегі қызмет телефоны безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтергенімде арғы жақтан: «Қордай аудандық партия комитетінің идеология бөлімінен ғой. Сіздерге Қазақстан Жазушылар Одағынан творчестволық іс-сапармен партизан-жазушы Қасым Қайсенов бара жатыр. Күтіп алып, одан әрі оқырмандармен кездесуін ұйымдастырыңыздар» деді. Шыны керек, партизан Қайсеновтың аты аталғанда абдырап қалдым. Бүкіл Одаққа танымал қаһарман партизанмен кездесудің өзі бір ғанибет, дегенмен оның арғы жағында үлкен жауапкершіліктің де тұрғанын бірден түсіне қойдым. Соғыс сұрапылын көрген майдангердің мінезі де қатал шығар, ал біз қонақ күтуде оның көңілінен шықпай жатсақ қалай болар екен дегендей ойлар алаңдатпай қоймады. Дегенмен артқа шегінерге жол жоқ, тәуекел деп алдын ала қонақ күтуге байланысты дайындықтарға білек сыбана кірісіп кеттік.
Сонымен олар үйге кеш түсе келді. Жолай басқа ауылдарға да бұрылған болуы керек. Алғашқы көргеннен-ақ байқағаным, Қасым ағаның жүзі жылы, әрі өзі сабырлы екен. Қазақтың хас батырларына тән түр-тұлғасының өзі көрген кісіні бірден сүйсіндіргендей. Қасым аға өзімен бірге ақын інісі Есләм Зікібаевты ерте келіпті. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, ә дегеннен-ақ біз олармен бұрыннан таныс адамдардай шүйіркелесіп кеттік.
Бір кезде біз отырған қонақ бөлмеге алматылық меймандарға бейтаныс жігіт ағасы келіп кірді. Ол Қасым ағадан бастап бәрімізбен қол алысып амандасып жанымызға жайғасты.
- Бұл кісі Телтай Есперов деген азамат, - дедім мен оны таныстырып.– Менің Кенен ауылында 10 жыл бірге оқыған сыныптасым Розаның күйеуі. Оған бірге болайық, сіздермен таныссын, әңгімелеріңізді естісін деп арнайы шақырған едім, - дедім.
Әңгіме барысында «Алмалы» деп (қазір Қарасай батыр ауылы) аты айтып тұрғандай бұл кеңшар негізінен алма өсірумен айналысатындығын, бас-аяғы 1700 гектардан аса алма бағы басты табыс көзі екендігін, ал сол жеміс ағаштарының суландыру жүйесіне кеңшардың бас гидротехнигі осы Телтай жетекшілік ететіндігін тілге тиек еттім.
- Қасым аға, әдебиетке қалай келдіңіз, - деп сұрадым ет желініп болып, сонан кейінгі шайға дейінгі үзілісте. Ол тершіген маңдайын бет орамалымен сүртіп, бізге күлімсірей қарап жайлап жауап берді.
- Бәрі ойламаған жерден болды. Соғыста бастан кешкен, көзім көрген оқиғаларды қағазға түсіріп көрейінші деп орыс тілінде «Жас партизандар» деген атпен алғашқы тырнақалды шығармамды жаздым. Ол 1954 жылы кітап болып басылып, лезде таралып кетті. Бұл тірлігім майдангер достарыма қатты ұнады. Олар: «тоқтама, тағы да жаза бер» деп дем берді. Мен соғыс тақырыбына одан әрі қалам тартып, «Днепрде», «Партизан соқпақтары», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала» және басқа да әңгіме, повестерімді жаздым, - деді ол.
Аудан орталығы мен біз тұрған ауылдың ара қашықтығы 100 километр. Қонақтар ұзақ жол жүріп шаршап келгеніне қарамастан түн ортасына дейін біраз әңгіменің басын қайырып өте көңілді отырды.
Қасым аға әңгіме үстінде жазған кітаптарының атауларын айтқаны болмаса соғыс тақырыбын мүлдем сөз еткен жоқ. Біз де кешегі қиын-қыстау күндерді майдангердің есіне түсіріп жүрегін ауыртуды жөн көрмедік.
Сонымен оқырмандармен кездесу келесі күні ауылдағы Алмалы орта мектебінде ұйымдастырылды. Мәжіліс залына жиналған жоғары класс оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналар қаһарман майдангерді көзбен көріп, оның партизандық жорықтарда ерлікке толы бастан кешкен оқиғаларын қызыға тыңдап, сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
-Мен жан берісіп жан алысқан кешегі қан майданда жүргенде осындай бейбіт күннің ұрпағымен кездесем деп өңім түгілі түсімде де көргенім жоқ. Соғыс басталған 1941 жылы Мәскеудегі арнайы әскери барлаушылар даярлайтын мектепті бітіре сала 23 жасымда жау жайлаған Украина жеріне ұшақтан парашютпен түсіріліп, неміс басқыншыларына қарсы партизандық іс-қимылға кірістік. Партизандық жорықтар одан әрі Молдавия, Румыния, Чехословакия жерлерінде жалғасып, жау тылында фашистерге орасан соққылар бердік. Бізге олар қандай қатыгездік көрсетсе, сонысына қарай өздері де лайықты жазасын алды. Қазір сол оқ пен оттың ортасындағы күндерді еске алудың өзі жүрегіңді сыздатып, көңіліңді құлазытып жібереді. Соғыс адамдарды қырып-жоюдың тәсілі, оның қасіреті орасан. Сіздерге тек бейбіт өмір тілеймін, - деді ол сөзінің соңында.Кездесуде ақын Есләм Зікібаев жаңа өлеңдерін оқып, көпшілікті өзінің алдағы шығармашылық жоспарларымен таныстырды.
-Ауыл адамдарының кітапты жақсы оқитындығы байқалды. Оқушы балалардың белсенділігі өте ұнады, - деді ол.
Сондай-ақ ол кісіге біздің отбасымыз да ұнаған сияқты. Қасым аға жолға шығар алдында сөредегі кітаптарды қарап ішінен біреуін қолына алды. Ұлы ақын Абайдың өлеңдер жинағын таңдағанын сыртқы мұқабасынан бірден байқадым. Ол қолындағы қаламымен мұқабаның ішкі таза бетіне тілегін жазып, кітапты қолыма берді. Оқып көрсем: «Балаларым Әскен, Ұлтуған! Зор бақытты қазақтың үлкен де, салтанатты шаңырағын көтеріңдер!  Партизан Қайсенов. 20.12.89 Өздеріңнің үйлеріңде» деп жазыпты. Сосын қалтасынан кішкене ғана қағаздағы мекен-жай деректемесін (визиткасын) шығарып қолыма ұстатып жатып ризашылық көңілде:
–Айналайындар, Алматыға жолдарың түссе үйге келіңдер. Мына қағазда мекен-жайымыз толық көрсетілген,- деді. (Біз Қасым ағаның үйіне бара алмағанымызға, қарым-қатынасты жал-ғай алмағанымызға әлі күнге дейін өкінеміз).
Сол күні түс ауа алматылық меймандар кеңшардан бөлінген автокөлікпен аудан орталығына жүріп кетті. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген. Біз қимастық әсерде қала бердік. Қолымызда қазақтың ержүрек батырының қолтаңбасы мен мекен-жайы көрсетілген тілдей қағазы қалды. Олар уақыт өте келе біздің отбасымыз үшін құнды жәдігерге айналды. Қасым ағамен болған кездесу арада 30 жыл өтсе де көз алдымда. Ұмытыла да қоймас...

Мақалаға қосымша ретінде: Соғыс жылдары Вася деген атпен бүкіл Украинаға танылған қазақтың хас батыры Қасым Қайсенов осы елдің қолбасшылық ордені «Богдан Хмельницкий», сонымен қатар «Чехославакия партизаны», ІІ, ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1995 жылы 24 сәуірде Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы және армия полковнигі әскери шені берілді. 2003 жылы Халықаралық А.Фадеев атындағы сыйлық және Қазақстан Жазушылар Одағының Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлығы табыс етілді. Халық Қаһарманы, жазушы, көрнекті партизан 2006 жылы 88 жасында қайтыс болды.
 

басқа жаңалықтар