Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ӘЙЕЛДІ КӨРКЕМ ЕТЕТІН ҰЛТТЫҚ КИІМ

ӘЙЕЛДІ КӨРКЕМ ЕТЕТІН ҰЛТТЫҚ КИІМ

"Ғұмыр-Дарияның" 24 қаңтардағы санында ардагер кәсіпкер Қатира Аққұлиеваның "Әйел көркі– кимешек" деген мақаласы жарияланды. Қатира ханым көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтеріпті. Шындығында қазақтың қыз-келіншектері ұлттық киімдерді бүгінгі заманға лайықтап киіп жатса қандай жарасымды.

 Ауылда тұрамыз ғой. Осы орайда нақты мысал келтіруді жөн көріп отырмын. Түймекент ауылында жасы сексенге таяған Разия Дүйсенбиева деген апамыз тұрады. Апамыз "Алтын алқа" иегері, 5 ұл, екі қыз туып тәрбиелеп өсірген. Жиырма шақты немересі, 6 шөбересі бар.
Осы Разия апамыз әппақ кіршіксіз кимешегін, оюлы, зерлі камзолын киіп шыққанда көзге тіптен көркем көрінеді. Ол кісіге сексен жасты қиғың да келмейді.
Апамыздың ұлағатты тәрбиесінен болар осы әулетке келін болғандардың барлығы көпшілік жиындарда, құдайы тамақ, ас кездерінде оюлы камзолдарын киіп, бастарына орамалдарын тартып жүреді. Көрген көз сүйсінеді. Үлкен келіндерін мақұл дейік, немере келіндерінің өзі инабатты, қашан көрсең иіліп сәлем беріп, сызылып тұрады. Бойларынан ұлттық болмысты бірден аңғарасың. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді, үлкеннен бұрын сөйлемейді. Осы шаңырақтың қыздарының, келіндерінің тәрбиесін көріп, өз балаларымызға үлгі тұтып отырамыз.
Бұның барлығын не үшін айтып отырмын. Елбасының бастамасымен ұлтымыздың рухани жаңғыруына, ұлы даламыздың ұлағаттарына соңғы кездері көбірек көңіл бөлетін болдық. Ұлттық құндылықтар, рухани жаңарулар өздігінен бола салмайды. Разия апамыз біздің ойымызша жалғыз емес. Бойларына ұлттық құндылықтарды сіңірген осындай апаларымыз әр ауылда бар. Солардың жақсы істерін, өнегелі тәрбиелерін барынша насихаттауымыз керек. Жастардың құлағына ұлттық құндылықтарды құйып өсіргеніміз жөн.
Алдымызда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз тойы келе жатыр. Мереке деген не, алаңдарға киіз үй тігеміз, бірер күн шабыламыз, ұлттық киім киген өнерпаздарымыз ән шырқап, би билейді. Бір-екі күнге қаңқитып алтыбақанды құрып қоямыз, асық та ойнатамыз, басқа да ұлттық ойындарды ұйымдастырамыз. Мұның бәрі жөн-ақ. Бірақ осы бір әдемі көріністер ертегідегідей бірер күнде өтеді де кетеді.
Баяғыда балаларды үйге кіргізе алмай, қас-қарайғанда қуып жүріп қайтаратын едік. Бүгінде сол сәбидерімізді далаға шығара алмай әуреміз. Неге? Сол баяғы ұялы телефонға жармасқан ұл мен қыздар бар уақытын интернетке сарп етеді. Асық ойнамақ түгілі, балалар асықтың не екенін де білмейді. Ұлттық киімнің орнына балаларға мейрамдарда шетелдік мультфильмдердегі небір қорқынышты кейіпкерлердің, аң-құстардың киімін кидіретін болдық.
Әрине, баяғы қазақы киімдерді киіп көшеге шық деп отырған ешкім жоқ. Жоғарыда айттым ғой, қазір тігін шеберханаларында заманауи ұлттық киімдердің түр-түрін жасап береді. Кейде көз шалып қалады, әйелдердің киімдерінде қазақы ою-өрнектер жүреді. Әбден жарасып-ақ тұрады. Неге солай етпеске?! Қатира Аққұлиева дұрыс айтқан, үлкендер бас болып осы Наурыз айында тұтастай қазақтар, қыз-келіншектері бар, жігіттері және ақсақалдары бар неге ұлттық киімдер киіп жүрмеске?! Әйелдер қауымы кимешек киіп көшеге шықса, қандай жарасады.
"Мұсылман болу әсте-әсте" деген емес пе. Кеңестік жетпіс жылда кеткен есемізді бірер жылда қайтару оңай болмас, дегенмен талпыну керек.
Қазіргі түсіп жатқан жас келіндер алдыңнан шығып сәлем жасайды. Ата-аналарының тәрбиесі ғой. Соған барлығы десем артық кеткендік болар, көпшілігіміз не деп бата айтарымызды білмей сасып қаламыз. Өйткені біздің көбіміздің жарты өміріміз, қалыптасу кезеңіміз кеңестік заманда өтті ғой. Бұл– соның салдары.
Қорыта айтқанда, "Әйел көркі – шүберек" деп дана қазақ бекер айтпаған. Ұлттық құндылықтарымызға бет бұратын кезіміз келді. Біз айтпағанда кім айтады. Сондықтан менің тұстастарым болсын, бізден кейінгілер болсын осы айтылғандарды қолдайды ғой деген сенімдемін. Құндылықтарымызға адал болайық.

басқа жаңалықтар