Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ҰЛЫЛАР ӘН САЛҒАН КИЕЛІ САХНАДА ҚАЗІР КІМДЕР ЖҮР?

ҰЛЫЛАР ӘН САЛҒАН КИЕЛІ САХНАДА ҚАЗІР КІМДЕР ЖҮР?

«Әннің де есері бар, естісі бар» деп дана, ұлы Абай баға бергендей, әндердің құлақтан кіріп бойды алатыны да, құлағыңның құрышын қандыратыны да, сөзінде жан жоқ, әуенінде мән жоқ, естіген сәтте-ақ қос құлағыңды қос қолдап тұмшалап тастағың келіп тұратын жағымсызы да бола береді екен. Бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін тамсана тыңдап, тыңдарманнын жүрегіне жол тапқан керемет туындылар аз емес. Ондай әсем әндер ешқашан ұмытылмайды, тыңдармандарын зеріктірмейді. Ал, кейбір әндер шықпай жатып-ақ  тыңдалудан қалып, мүлдем есте сақталмай жатады.
 

Бұл күнде "көк жәшікті" жаулаған әншілердің жұлдызы биік. Қазақ қашанда өнерпазын сыйлап, оларға төрден орын берген халық. Сал-серілер бойға біткен таланты мен өнерінің арқасында көптің ықыласына бөленген. Бірақ қазіргі заманда бұрынғы сал-серілер мен күміс көмей әншілердің ізін жалғайтын естілері саусақпен санарлықтай ғана. Ең өкініштісі де сол, қазақ эстрадасының қазіргі ахуалына көз салсақ, жан ауырады. Өйткені сол саны бар, сапасы жоқ көп әншілердің өздері де қандай ән айтып, нені жырлап жүргенін білмейтін тәрізді. Бүгінгі кейбір қазақ әншілерінің әрекеті «атың шықпаса, жер өрте» дегенге саяды. Олар өздерінің бұл әрекеттерінен еш әбестік көрмейтіндігі қынжылтады. Сол әншісымақтардың мағынасыз әндері мен есер қылықтарына тосқауыл болу қолдан келмей тұрғандығы жанға батады. Тіптен, тосқауыл қою түгілі оларға үлкен сахналар мен еліміздің басты телеарналарында даңғыл жол ашып қойғандай әсердемін мен.
Қазақ сахнасы – қаншама дүлдүлдер,өнер тарландары, жез таңдай, таңдайына бұлбұл ұялаған дарын иелері өнер көрсеткен қасиетті орын. Қазақ елінің маңдайына біткен біртуар азаматтары, халқымыздың атын әлемге паш еткен күміс көмей әншілердің жұлдызын жаққан киелі сахна қазірде сайқымазақтардың алаңына айналып бара жатқан сыңайлы. Кезінде шырқап салған дауысы алты қырдан асатын, тіпті құйқылжыта салған әндері Париж, Мәскеудің сахналарында шырқалған Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Әшір Молдағайынов,  Амангелді Сембин сынды саңлақтарымыз өнер көрсеткен киелі сахнаны мән-мағынасыз әндерді орындап, өздерін «жұлдыз» санап жүргендер  жаулап алған.
Қазақтың ән өнеріне мәңгі өлмейтін мол мұра қалдырған кешегі Шәмшінің, Әсеттің, Нұрғисаның ешқашан ескірмейтін, тыңдаушысының жүрегінде мәңгі сақталатын әндеріндей тамаша туындыларды бұл күндері сирек еститін болдық. Тіпті, сәл «әсерлеп» айтсақ,  тыңдайтын дүние қалмады деуге де болатын шығар. Сахнаны және эфирлерді  мәдениет пен әдептен жұрдай не әйел, не еркек екендігін айыра алмайтын әншісымақтар жаулап алған. Ішіп алып түсініксіз тілде ән айтып, «жұлдыз» болып шыға келген Сайлаубектен зорға құтылып едік. Орнына құлағына сырға таққан, бірде қатын болып, келесісінде кемпір кейпіне енген өзгелері келіп жайғасты. Өнерді қадір тұтқан, шын бағалаған Роза Бағланова, Күләш Байсейітова сынды өнер иелері бұрындары сахнаға имене көтеріліп, әдеп сақтай шығатын еді. Қазірде солардың ізін басып келе жатқан, жақсылардың жалғасы деп үміт күтіп жүрген бұрымдыларымыз омырауын ашып, санын жалтыратып жағамызды ұстататын болды. Әй, соларың сыртынан бақылап отырған ата – аналарынан, жасы үлкендерден ұялмайды ма екен деген ой келеді. Талай таланттардың бағын ашқан қасиетті сахнада осындай дүбәраларды тайрандатып қойған заман- ай!
Көзіміз ашық, көкірегіміз ояу азаматтармыз ғой. Кейде ойлаймыз, әріптестермен бас қосқанда талқыға саламыз. Басқасы басқа, еліміздің екі бірдей бас телеарнасы – «Қазақстан» мен «Хабарды» қоссаң болды, жаңағы мен айтқан «жұлдыздар» мен «құндыздар» эфирді бір босатпайды-ау, босатпайды. Ән айтатын – солар, би билейтін – солар, ток-шоуларды жүргізетін – солар. Тіптен, адам ұялады. Сонда біздің телеарналарда сөйлейтін зиялылар, пікір айтатын ақылмандар, ойлылар, оқымыстылар, кәсіп иелері таусылып біткен бе?!
Осындайда амалсыз өткенге көз жүгіртіп, бұрынғы әндерді, нағыз таланттарды аңсап бір күрсініп аламын. Сағындырған әндер – ай!

басқа жаңалықтар