Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ӨҢІРІМІЗДЕ БОЛҒАН ӨНЕР САҢЛАҚТАРЫ

ӨҢІРІМІЗДЕ БОЛҒАН ӨНЕР САҢЛАҚТАРЫ

АННА ГЕРМАН
Әлемнің әртүрлі тілдерінде, әсіресе поляк және орыс тілдерінде тамаша ән шырқаған, заманында күллі Кеңес Одағына есімі кеңінен танымал болған әнші Анна Герман үшін Жамбыл өңірі – оның екінші отаны саналады.  
Сахнаның болашақ жұлдызы Анна Герман 1936 жылы 14 ақпанда Өзбекстанның Үргеніш қаласында дүниеге келген екен. Анасы екеуі 1943 жылы Жамбылға қоныс аударып, 1946 жылға дейін осында тұрыпты. Әншінің анасы Ирма Мартенс Польшаға жер аударылған немістердің отбасынан шыққан, Анна білім алған мектепте неміс тілінің оқытушысы болған. Ән әлемінің болашақ жарық жұлдызы қаладағы «Тюльпан» мейрамханасына қарама-қарсы Кеңес көшесінде бір қабатты баспанада тұрыпты. 1946 жылы Анна анасы екеуі Польшаға қоныс аударады.
Арадан 35 жыл өткенде 1979 жылы Анна Герман балалығының ізі қалған екінші отанына әлем таныған сахна жұлдызы болып қайта келеді. Жамбыл облысында гастрольдік сапармен болады. Өнер сапары барысында  Анна Германға жерлестері ұлттық қазақы нақыштағы киіз үйдің макетін, сәнді бас киім сыйлайды. Даңқты әнші талай әйгілі қонақты қабылдаған «Жамбыл» қонақ үйінде орналасады. Кейінірек аймақтық неміс ұлттық-мәдени қоғамының бастамасымен қонақ үйдің қасбетіне Анна Германға арналып ескерткіш тақта орнатылды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Анна Германның әндері бар компакт-дискілері сақталған.

Юрий Никулин
1975 жылдың қаңтар айында басты рөлдерін Юрий Никулин  мен Людмила Гурченко сомдайтын Алексей Германның «Двадцать дней без войны» фильмінің шығармашылық тобы Жамбыл өңіріне арнайы келгендігін бүгінде көп кісі біле бермес. Жамбыл жеріне келгендегі естеліктерін, ондағы Ю.Никулиннің танымалдылығын фильмнің режиссері  Алексей Герман:– Түсірілім Орта Азия жерінде өтті. Юрий Никулин ол жылдарда өте танымал болатын. Жамбыл қаласының тұрғындары «Жамбыл жері Никулинді қошеметпен қарсы алады!» деген плакаттарды ұстап жүретін. Массовкаға түсуге шақырылғандар Никулинмен бір фильмге түсетіндіктеріне қуанып, бізге ақша ұсынатын. Олар ақшаны бізге емес, біз оларға төлейтініміз жамбылдықтар үшін маңызды емес еді. Олар үшін –  ең маңыздысы Никулинмен бірге киноға түсетіні еді. Бұл жәй массовка ғана болса да,-деп еске алады. Сол кездегі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының егде тұрғындарының әлі есінде, Юрий Никулиннің таңертеңгілік «Жамбыл» қонақ үйінен шығып, есік пен төрдей қара «Чайка» автокөлігіне отырғанын, кешкілік түсірілімнен қайта оралып, сол көліктен түсіп, қонақ үйге кіргенін көру үшін аңыз актердің өнеріне табынушылар топ-топ болып күтіп тұратын. Тек Никулинге тән әдемі күлкісімен қошеметтеушілерін мұндайда ол үнемі риза ететін.

Евгений Леонов
"Джентльмены удачи" кинофильмінде Жамбыл жұршылығының ерекше назарын  аудартқан Василий Алибабаевичтің "Хочу в Джамбул... Там тепло, там моя мама!" деген сөзі күні бүгінге дейін афоризм ретінде ел жадында сақталып келеді. Бұл сөздің фильмде қалайша қолданылғаны, әрине, бәрімізге қызық. Кезекті түсірілім барысында, кейіпкерлердің «қалалар ойынын» ойнап отырған сәтінде Василий Алибабаевич КСРО-ның қай қаласын атау керектігі жөнінде кезек келгенде мүдіріп қалады. Сол мезетте басты кейіпкердің рөлін сомдаған атақты Евгений Леонов «Жамбыл» қаласын атауға ұсыныс білдіреді. Кинокартинаға түсерден біраз бұрын Жамбыл қаласына келіп, қонақ болып қайтқан Е.Леонов сондай ұсыныс айтады. 1970 жылдың қысында болған гастролдік сапар кезінде Тараз қаласының тұрғыны, Жамбыл таксопаркіндегі алғашқы әйел жүргізуші Күлбаран-Хадиша басшыларынан тапсырма алып, Евгений Леоновқа қаланы аралатып, көрікті жерлерін көрсетіп, тіпті ән шырқап та береді. Хадиша апай өз естеліктерінде  көрнекті әртіс өзін қарапайым ұстап, тек жақсы қасиеттерін байқатқандығын айтады. Ол такси жүргізуісінің есінде көңілді, әзілқой кейпінде сақталып қалады.
Суретке түскісі келіп кезекте тұрған көрермендердің көңілін қалдырмаған. "Россия" кинотеатрының үлкен залында еңбек ұжымдарының өкілдерімен, қарапайым қала тұрғындарымен  кездесу өткізеді. Такси паркінің ұжымымен кездесу өткізу жөніндегі ұсынысты жерде қалдырмайды. Такси паркіндегі қызметкерлер оны өте жылы және қонақжайлықпен қарсы алады, сол жердің асханасында кино жұлдызының құрметіне арнайы мерекелік дастархан жайылады.Кездесудің соңына таман Евгений Леонов өз сөзінде: «Саршұнақ аязға, қаһарлы қыстың ызғарына қарамастан жылы болып тұратын мұндай қаланы бұрын кездестірмедім. Бұл қала – жылу шашып тұратын мекен» деп ықыласын білдіріпі.
Айта кету керек, бұл Евгений Леоновтың біздің қалаға жасаған бір ғана сапары емес. Бес жылдан кейін Евгений Леонов Жамбыл қаласына қайта келеді.
2006 жылы белгілі режиссер Георгий Данелидің "Джентелмены удачи" атты кинофильмінің 35 жылдығына орай Таразда кино картинаның атақты кейіпкерлеріне арналған ескерткіш орнатылған болатын. Ескерткіштің ашылуына байланысты Ресей кинематографистер одағының төрағасы Никита Михалков Жамбыл облысының басшылығына арнайы алғыс хатын жолдайды.

Робертино Лоретти
Аты аңызға айналған әйгілі Италия эстрадасының жарық жұлдызы Робертино Лоретти Әулиеата өңіріне арнайы келіп, екі мәрте концерт берген екен.  
Роберто Жамбыл өңіріне алғаш рет 2006 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында келген болатын. Сол жылдары итальяндық атақты орындаушының концерті "Достық" орталық алаңында өтті. Әлемдік өнер жұлдызын Жамбыл жеріне  шақыру жайлы ұсынысты Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексембиннің өзі жасапты. Тараз жұртшылығы Робертоны айрықша үлкен ықыласпен күтіп алады. Осыдан бірер жыл бұрын тараздық тыңдармандар әйгілі өнерпазбен тағы да жүздесіп, өнерін тамашалайды. Тараз қаласына арнайы келген әнші Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта жұртшылықпен жүздесіп, қошеметке ие болды. «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, Әулиеатаның жаңа келбетімен танысады. Әлемдік сахна саңлағы өткен шақтарынан қызықты естеліктер айтып, көпшілікке жақсы әсер сыйлайды. Негізі әнші елімізге Астана төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрметті қонағы ретінде келген екен. Астана шаһарынан соң Тараз қаласына арнайы келуді жөн санаған әнші Қазақстанға әр келген сайын үлкен әсерде болатынын жеткізді. "Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осыдан тура он жыл бұрын да қазақстандық тыңдармандармен қауышқаным ел есінде. Тарихи Тараз қаласында да болғанмын. Араға он жыл салып қайта келгенімде, Тараз қаласының айтарлықтай өсіп, өркендегенін байқадым", деп өнерпаз сол жолы да біздің өңіріміз, еліміз жайында жақсы пікірлер айтқан  еді.
 

басқа жаңалықтар