Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ҚАЗАҚ ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ҚАЗАҚ

ҚАЗАҚ ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ҚАЗАҚ

Қазақтың қабырғалы қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков кешегі кеңес заманының өзінде «Ей, адамдар (қазақтар дегені ғой), кім екеніңді біліңдер, өзіңді, өз тегіңді, ұлттығыңды таныңдар. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін біліңдер...» деді емес пе? Бүгінгі әңгімемді сол Өз-ағам өсиет еткен төңіректе өрбітсем бе деп едім.

Әңгімемді қазақ-түрік лицейінде дәріс оқитын үш түрік жігітінің  бізге арнап айтқан ескертпе ақыл-кеңесінен бастасам деп отырмын. Бірде лицейде үздік оқитын ұлдың ата-анасы жаңағы оқымысты үш түрікті үйіне шақырады. Кәдімгі қазақы қонақжайлықпен үй иелері қонақтарын құрметтеп қарсы алады. Дастарханға ас мәзірі мол қойылады. Ет желініп, шәй ішіледі. Дастархан басында мәнді әңгіме өрбиді.
Қонақ қойдан жуас. Дегенмен, үшеудің біреуі әңгіме арасында ғафу өтініп, сөз бастайды.
–Біз бауырлас қазақ халқының ұлттық болмысына, басқаларда кездесе бермейтін асыл қасиеттеріне тәнтіміз. Айып етпеңіздер, сырт көз сыншы деген. Өзіміз байқап жүрген көңілге қаяу түсіретін кейбір келеңсіздіктер туралы айтсам, айыпқа бұйырмассыздар.
Біріншіден – көп тіл білген жақсы. Ал, сіздер болсаңыздар дастархан басында да, үйде де, түзде де, кез-келген ортада әңгімеге тілдеріңізбен орыс сөзін араластырып, тілдеріңізді шұбарлайсыздар. «Парсының тілі – бал, өзбектің тілі – жібек, арабтың тілі – тіл, қазақтың тілі - гүл» деген емес пе? Осындай гүл тілді – әлемдегі алты мың тілдің ішіндегі сөздік қоры, көркемдігі жағынан алғашқы орындардағы тілді неге өздеріңіз қор етесіздер. Біздің түріктің АҚШ-тың Висконсин университетінде сабақ беріп жүрген профессоры Камел Карпат: «Қазақты ұлт ретінде сақтау – түрікті сақтау деген сөз. Өйткені ең таза түріктер – қазақтар, қазақ тілі – ең тамаша түрік тілі. Түркі тегінің тамыры да осында. Мен – американдық түрікпін. Жүрегімнің бір түкпірінде қазақ тұр»,-деп жазған. Міне, мәселе қайда жатыр.
Біздің Түркияда Түрік Республикасының жариялануының 10 жылдығына орай, тіл туралы заң қабылданған, сонда әр түрік азаматына үйде, көшеде, қызмет орнында, көлікте, базарда, қысқасы кез-келген жерде тек түрік тілінде сөйлеу міндеттелген. Түркияда тұратын әр азамат түрік азаматы дап аталады, мәселен қазақ түрік, ноғай түрік, әзірбайжан түрік.
Қазақ тілінің ұлылығын Абайды оқыған, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыған әрбір адам ұқса керек.
Қонақ болып отырған түрік азаматы осылайша әңгімесін бір түйіп қойды. Осындайда «Білім – адамды сұлу етіп көрсетеді» деген қағида ойға еріксіз оралады екен.
Әріптесінің әңгімесін екінші түрік бауырымыз іліп әкетті.
–Сіздердің бай, әдемі дастархандарыңыздан әлі де алкогольді ішімдіктердің алынып тасталмай тұрғандығына ішіміз ашиды. Біз де, сіздер де мұсылмансыздар. Арақ жүрген жерде бата жүрмейді, бата болмаған жерден береке кетеді. Ал, бұл бізге керек пе?! Мас адам – керең, соқыр, ақылсыз! Қазақтың дастарханынан арақты мүлдем аластау керек,- деп екінші түрік бауыр ойын қорытты.
Кезек үшінші қонаққа келгенде ол әңгіменің өзегін одан әрі тереңдетті.
–Біздің түрік елінде сіздер секілді марқұм болған пендеге зәулім кесене тұрғызбайды, қабірлер қатар-қатар көше секілді реттеледі, әр қабірдің басына марқұмның аты-жөні, туған мерзімі жазылып қойылады, суреті салынбайды. Қазақстанның қай ауылына, қай қаласына бармаңыз, зираттарында зәулім кесенелер, мәрмар тас белгілер аспанмен таласып тұр. Бейнебір қаланың жанынан қала, ауылдың жанынан ауыл бой көтергендей. Бұл енді астамшылдық,-деп түйіндеді сөзін қонағымыз.
Бұл үш қонақтың айтқандары, былай қарасаң, жаңалық емес. Күнде естіп жүрген, күнде өзіміз айтып жүрген, көріп жүрген өзекті мәселелер. Бірақ бұл әңгімені көрші елдің, бауырлас түркі елінің азаматтарының аузынан естігенде жүрегіміз сыздады, өзегіміз өртенді.
Өркениетке бізден ертеректеу қол жеткізген, ұлы Ататүріктің арқасында көштерін бізден бұрынырақ түзеп алған әлеуеті зор бауырлас Түрік мемлекетінің табыстарына біз қуанамыз. Бірақ, оларда кемшіліктер жоқ дейсің бе? Дәл бұл жолы түрік азаматтары бізді мұқату үшін емес, шынайы жанашырлықтарын білдірді, біздің жақсылығымызға қуанып, жетістігімізді қолдап отырды, қазақы қалпымызды сақтап қалуымызға жүректен шыққан ниеттерін айтты.
Айтқандарының бәрі рас. Айтып та жатырмыз, жазып та жатырмыз. Тіл туралы заңымыз тура Түркиядағыдай болмаса да, бізде де бар. Ата Заңымызда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі айқындап бекітілген. Сонда қазаққа не керек. Тәуелсіздігіміз жиырма сегізінші жылға аяқ басты. Сылтау айтатындай ешнәрсеміз жоқ, ауылдан орыс мектебін іздеп таба алмайсың, үлкен қалалардың өзінде саусақпен санайтындай деңгейде. Сонда да болса, шүлдірлеп үйде де, түзде де орысша сөйлейміз. Той жасасақ, қонақ күтсек арақ дегенің төрді қойып, босағадан мойнын созып күтіп алатын болды. Қазаққа басқа елден біреу келіп «арақсыз той өткізсеңдер болмайды» деп нұсқау беріп отыр ма? Арақсыз тойларды көріп жүрміз, сол тойлардан «арағың жоқ екен» деп кетіп қалып жатқан ешкімді көріп жатқан жоқпыз. Сонда бұған кінәлі өкімет пе, билік пе?! Жоқ, бәріне кінәлі өзіміз.
Той жөнінде сөз бөлек. Көпті көрген, көкірегіміз ояу азаматпыз ғой, көрші облыстағы Созақ ауданына қарасты Таукент қалашығында құда күту, беташар, үйлену тойының куәгері болғаным бар. Осы аймаққа белгілі Нұрғиса Қойшыбайұлы деген азамат ұлына келін түсірді. Ішімдік атаулы атымен болған жоқ. Қымыз бен шұбат, әр түрлі сусындар дастарханға молынан қойылды. Ұлттық тағамдар бірінен кейін бірі келіп жатты. Құлақ тұндыратын даңғаза музыка болмады бұл жолы, атасы мен келіні, қайнағасы мен келіні, ағасы мен қарындасы қол ұстасып билейтін биге тоқтам болды. Әсем ән мен әуезді саз тойға келгендерді тербеп тұрды. Күй күмбірледі. Ұлы Мұхтар Әуезов өткен ғасырдың елуінші жылдары «Қазақтың қасиеті мен ұяты тек қана күйінде қалған» деген ғой. Сол қазақ күйінің құдіретін ұғынғандай болдық той үстінде. Сөйтіп, бұл тойдың тағылымы ерекше болды.
Осы тойдың алдында ғана 90 жасқа толған қарияның мерейтойында болғанымыз бар еді, атын әдейі атамай отырмын. Тойға баруын барсақ та, көңіліміз құлазып қайтты. Осы басқосуда жастың қолында да, жасамыстың қолында да арақ толы ыдыс, ерсілі-қарсылы соғыстырып қойып арақ ішу. Сөз тыңдап жатқан ешкім жоқ, бір жағы ішкен адамнан қандай бәтуәлі сөз шығады дейсің. Әжептеуір сөз айтыла қалғанның өзінде кім тыңдай қойсын?!
Қазақ егде жасқа толған тойын бұлай өткізбеген. Тәрбиелі адамның тойы тағылымды өтеді. Кейбір тойға барасың қуанып, демалып қайтасың, рухани ләззат қайтасың. Ал, енді, қайсыбір тойлардан ұнжырғаң түсіп, шаршап-шалдығып қайтасың.
Қазаққа тойды былай өткізу керек деп белгілі бір тәртіп айтудың өзі қиын. Бұрынғылар той өтердің алдында жақындарын шақырып, топжияар өткізетін. Сонда өтетін тойдың тәртібі (сценарий), тойды басқаратын кісі, тойға қызмет жасайтын жігіттер, ет жасайтын, ет турайтын кісілер белгіленетін. Қазір асаба деп жүрміз ғой. Бұл бүтіндей дұрыс атау емес. Асаба деп қазақтар ет жасайтын адамды айтқан. Біз асаба мен тойбасыны шатастырып жүрміз. Негізінен, тойды жүргізетін кісіні тойбасы деп атағанымыз жөн болар еді.
Біздің ұлы даламыз – түркі рухы мен мәдениетінің қара шаңырағы болып табылады. Білгіштер жиырма бірінші ғасырды түрік ғасыры болады деп болжап жатыр. Біз – төбемізден төніп тұрған айбалтадан қорыққан халық емеспіз. Біз асыл дініміз, шұрайлы тіліміз, қасиетті діліміз жоғалып қала ма деп қорқатын халықпыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруына» жауабымыз – қазақтануды ел болып, жұрт болып жүзеге асыру. Бүгінгідей күнде жиын, күнде той бола берсін. Ал, болғанда да жөнімен болса, игі дер едік.

 

басқа жаңалықтар