Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ӘУЛИАТАДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ АҚИҚАТЫ

ӘУЛИАТАДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ АҚИҚАТЫ

Бұл мақаламызда жергілікті халық «бірінші жылан» атап кеткен 1917-1918 жылдардағы ашаршылық туралы сөз қозғамақпыз. Осы нәубетте Әулиеата өңірі қазақтары шеккен қасірет пен азаптың өзі кісінің аза бойын қаза етіп, жанын түршіктіреді.

лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «... Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады. Айтар болсақ, жалпы, өткен ғасырдың халқымызды қасіретке душар еткен тұстары аз болмады» деген еді. Бұл жерде Елбасының Қазақ жеріндегі соңғы жүз жылдағы қасіретті оқиғалардың бастауын 1917 жылғы Қазан төңкерісімен  жайдан-жай  байланыстырып отырмағандығы түсінікті. Себебі, Қазан төңкерісінен кейінгі саяси текетірес Азамат соғысына ұласып, қарама-қарсы лагердегілер бітіспес жауға айналған кезде социалистік революция көсемдерінің большевиктерді қолдамағандарды «халық жауы» ретінде қатал қуғын-сүргінге ұшыратқандығы тарихтан белгілі. Соңғы уақытқа дейін біздің қоғамдық санамызда қалыптасып қалған, кеңестік кезеңнің қасіретті зардаптарын тек 1932-1933 жылдардағы алапат аштық пен күштеп ұжымдастыру және 1937-1938 жылдары жүргізілген жаппай репрессия саясатымен байланыстыру тұжырымының Тәуелсіздік дәуірінде қайта қаралып   отырғанын қаперімізге алғанымыз жөн.
Осы тұрғыда Түркістан өлкесінің  Әулиеата өңіріндегі 1917-18 жылдардағы ашаршылық қасіретін айта аламыз. Енді, осы нәубеттің себеп-салдарларына тоқталсақ,онда бірінші кезекте 1918 жылдың көктемінде Кеңес өкіметін өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін  және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі тығырыққа тірегені белгілі. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудың екі мүмкіндігі болды: не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі.
Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан  өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарыс пен экономикалық құлдырау күшейе түсті. 1917 жылғы құрғақшылық нәтижесінде аштыққа ұшыраған жеке қожалықтардың саны: Әулиеата уезінде 44307,Ақмешіт уезінде 24810, Түркістанда 12296, Шымкент уезінде – 33618-ге жетті. 1918 жылдың ортасында-ақ Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Түркістанға Солтүстік Кавказдан, Россиядан, Сібірден тасылатын астық бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аса ауыр жағдай мен теміржол транспортының жүйесіз жұмысы кесірінен мүлдем доғарылды. Өлкенің өз ішінде астық дайындау ісін жүйелі тәртіпке келтіру мақсатында атқарылған шаралар нәтижесіз аяқталды. Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Күн көрудің барлық көзінен айырылған халық баудай түсіп қырыла бастады. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты күйзелгендігі соншалық, бұрынғы  бірнеше  болысты  біріктіріп  бір  болыс  ұйымдастыруға  тура келді. Мұрағаттардағы мәліметтерді сөйлетер болсақ, онда 1918  жылдың 30 қыркүйегіндегі Әулиеата  уездік комиссарының баяндамасындағы уезд жағдайы мынадай мазмұнда берілген: «Маған сеніп тапсырылған Әулиеата уезі төрт  бөлімшеден  тұрады. Қазіргі уақытта шамалап  есептегенде халықтың саны 200 мың адамды құрайды. Аштықтан өлген түземдіктер  қазіргі  уақытта, яғни 1918 жылдың  алғашқы  жартысында, 60 мың  төңірегінде».
Осындай саяси өліара жағдайындағы ашаршылыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған Бүкілодақтық атқару комитетінің 1918 жылдың 9 мамырындағы  «Азық-түлік Халық Комиссариатына нанның қорын жасырып және оны саудаға салғандығы үшін деревня буржуазиясына қарсы күресте төтенше өкілеттіліктер беру туралы» декретінің 7-бабында: «Қолында артық наны бар және оны станциялар мен жинау және құю (себу) орындарына жеткізбегендер халық жаулары болып табылады және барлық мүлкі кәмпескеленіп, 10 жылдан кем емес уақытқа түрмеге жабылады» деп көрсетілген. Түркістан республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы үшін-Солькин, Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары  Кеңесінің төрағасы Колеев, Азық-түлік халық комиссары Казаков қолдарын қойған қаулыда нанды өз пайдасы үшін саудаға салып жүргендердің ісі революциялық соттардың трибуналына берілетіндігі ескертіледі. Дегенмен негізгі құрбандығы мұсылман халықтары, оның ішінде көшпелі халықтар болған сұрапыл аштықпен күресуге тиістілердің қатарына бірде-бір жергілікті халықтың өкілі енгізілмеген. Тіпті, жоғарыдағы қаулыға қолы қойылған Азық-түлік комиссары Казаковтың кейіннен,  Түркістанның ашыққан халқы үшін Бұқарадан сатып алынған шәйді 3 миллион сомға бұқаралық саудагерлерге қайта сатып, ақшаны қымқырып кеткендігі мәлім болады.
Жергілікті жерлердегі мұндай берекесіздіктерді мына құжаттардан да көруге болады. «Әулиеата депутаттар кеңесі атқару комитетінің 1918 жылдың 7 қазанындағы Хмелевскийдің  төрағалығымен өткен мәжілісінде Қаракөл болысының қырғыздары  (қазақтары) қырғыз (қазақ) депутаттар Кеңесінің мүшелері Шолпанқұлов пен Кутенеевтің арызын тыңдап, онда алыпсатарлардың малын реквизициялауға жіберілген Шевяков пен Кольчугин басқарған қызыләскерлердің малы бар барлық қырғыздардың (қазақтардың) малдарын тартып алып жатқандығы айтылады. Депутаттар, сонымен қатар, Айдаралы Берденовтің сол қызыләскерлермен бірге жүрген аты-жөні белгісіз сарттың (өзбектің) Қаракөл болысының қырғыздарына (қазақтарына) егер 5000 сом ақша берсеңдер, малдарыңа тимейміз дегендігін айтады». Бұл жерде іс тергеуге жіберілгенімен, большевиктер өздері қолдан ұйымдастырған аштықпен күресу барысында мұндай басбұзарларды сол кезде құртып жібермегені анық.
Ары қарай... 1918 жылдың 12 қарашасында Әулиеата уезінің аштарды тамақтандыру жөніндегі эмиссары Нұршанов Ақыртөбедегі аштар орналасқан киіз үйлердегі жағдайға тоқтала келе, олардың сол күні тамақ ішпегенін анықтағандығын айтты. Осы орайда, Әулиеата қаласының тегін нан кәртішкелерін пайдаланып отырған қызметкерлер тізімінде (барлығы 34 адам) тек еуропалық нәсілдегі адамдардың аты-жөндері жазылғанына мән беруге болады. Бәлкім, осы қаладағы  жоғарыдағы және басқа да тізімге кіргендерді тамақтандыру ниетінде болса керек, 500 қой қабылдаған  ет дайындау бөлімінің төрағасы Ярувельский мен агент Столяров бұл іске белсенділікпен кірісіп, сатып алу құнын өздері белгілей отырып, етке және салоға  (ол үшін шошқа майын да іздеттірген болар) қажеттілерін бөлек реттеген. Ауылдардағы аштықтан діңкелей бастаған қазақтарды «өз аштарын» қамтамасыз ету мақсатында одан әрі діңкелеткен белсенділердің  бірі,  Әулиеата уезінің солдаттар, жұмысшылар-шаруалар кеңесінің мүшесі Мечников Үшбұлақ станциясынан қайтып келе жатқанда 15 атты қырғыздың (қазақтың) қуып жетіп, ақша талап еткенін, одан өзінің төрт рет мылтықтан оқ атып, әрең  құтылғандығын жазады .
Сол жылдары қалыптасқан осындай ахуалды мына құжаттан да көруге болады. Онда Әулие-Ата уезі Алмалы болысының бес тұрғыны – Нұрманбет Шакелов, Қалмұрза Тұяқов, Махамбет Жетпісбаев, Сейдуалы Рахметов және Кемелбековтер уездік депутаттар кеңесіне: «Осы жылдың 14 июнінде біздің болыстан  жылқыларды мобилизациялау кезінде оларды жылқыларының саны 100-ден асатын бақуат адамдардан емес, өздерінің соңғы жылқысын берген кедейлерден тартып алды» деп арыз түсіреді. Бұл жерде арыздан мәселенің сиырқұймышақтанып кеткені өз алдына, кедейлерге бостандық әперуші большевиктердің заңсыз әрекеті тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мұндай оқиғалар, әрине, аз болған жоқ, оларды кездейсоқ болды деп те айта алмайсың.   Қазақстандағы  жағдай  мұнымен  қатар  басқа  да факторларға  байланысты  күрделене  түсті. Халықтың көпұлттылық  құрамы ұлт  мәселесін  шешуде  жаңа  жолдар  іздестіруді  айқындаған еді, алайда оның орнына, ұлыдержавалық шовинизм мен ұлтшылдық  пиғылдағыларды қоздырған  делдалдық  саясат біртіндеп үстем бола бастады.

басқа жаңалықтар