Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

ӘЙЕЛ КӨРКІ КИМЕШЕК

ӘЙЕЛ КӨРКІ КИМЕШЕК

Өткен аптада "Ғибрат" орта-лығында болған тағлымды іс-шараның барысында "Асыл ана" ансамблінің мүшелері қазақы бүрмелі көйлектерімен, ұлттық ою-өрнектермен әдіп-телген камзолдарымен, әппақ кимешектерімен елдің алдына шығып, ән айтқанда бәрі жарасып-ақ тұрды. Осы көрініске қарап отырып, маған бір ой келді. Осы біздің қазақтың ұлттық киімдері басқа халықтың қайсысынан кем? Тек ұлттық киім кигендерді концерттерге барғанда, Наурыз мейрамы тойланғанда ғана көреміз. Басқа уақытта ұлттық киім киіп жүрген қазақтың қыз-келіншегін байқай алмаймыз. Неге?

Осы сұраққа келгенде мүдіріп қала беретініміз бар. Бізден басқа ұлт өкілдерінің барлығы өз киімдерін үйде де, түзде де киіп жүреді. Жарасып-ақ тұрады. Ал, біздер өзіміздің тамаша ұлттық үлгілерімізді музейлерге қоямыз, әйтпесе ән айтқан, би билеген әншілер ғана сахнаға киіп шығады.
Мына суретке қараңызшы, алпыстан асқан белсенді замандастарымыз кимешек, ұлттық камзол мен көйлегін киіп, үлбіреп тұрған жоқ па?! Дәл осы қалпында кімнен ұяламыз. Қазақтың аналары, әйелдері қандай дегенде ұялмай-ақ осы кісілерді көрсетуге болады ғой.
Біздің ендігі міндетіміз – қазақтың тамаша ұлттық киімдерін күнделікті тұтынуға қол жеткізу. Ол үшін зиялылар, көзі ашық ардагерлер, ұстаздар қауымы, жалпы ел болып осы мақсатқа жұмылуға тиістіміз. Ең алдымен өзімізден бастауымыз керек. Егде тартқан әйелдер қауымы, мысалы, елуден асқан замандастарымыз ойын-тойларда, құда күткенде, ұлттық мерекелерде, көпшілік шараларда ұлттық киім киіп жүрсе қандай жарасар еді. Кимешекті тіптен, күнделікті кисе де артық болмайды. Біріншіден, кимешек әйел баласының еңсесін биік етіп көрсетеді, реңін ашады, әсемдік береді, оның үстіне кимешек салқыннан да, ыстықтан да сақтайды. Әрине, кимешекті етекке дейін түсіруге болмас. Жалпы, ұлттық киімдерді біздің шеберлеріміз, сән шеберханаларымыз заманауи түрге лайықтап тіккендері жөн болар еді.
Наурыз мейрамы бізде бір айға жуық тойланады. Алғашында осы мерекелі наурыз айында біздің жастарымыз бен жасамыстарымыз неге бір ай бойы ұлттық киіммен жүріп-тұрмасқа? Осындай баста-маны облыстық ардагерлер кеңесі, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы болып көтерсек, ең алдымен өзіміз ұлттық киіммен жүрсек, өзімізден кейінгілерге үлгі-өнеге болар едік. "Мұсылман болу әсте-әсте..." демекші алғашында ұлтжандыларымыздың басым көпшілігін ұлттық киімге көшіріп алсақ, қалғандары соңынан ілесер еді деген ойдамыз.
Біздердің, үлкендердің мақсаты айту. Қоғам болып осы мәселені ойластырып көрейік. "Біз – қазақпыз..." деп құр даңғойланып, көкірек ұрғаннан гөрі қазақ екенімізді осындай нақты істерімізбен дәлелдейік, қадірлі қандастар!

басқа жаңалықтар