Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Жамбыл облысы

БЕС ЖАРЫМ МЫҢ ОҚЫРМАНЫМЫЗ БАР

БЕС ЖАРЫМ МЫҢ ОҚЫРМАНЫМЫЗ БАР

Бүгін өздеріңіздің қалауларыңызбен жаңа жылға жаздырып алған төл басылымдарыңыз – "Ғұмыр-Дарияның" биылғы алғашқы саны қолдарыңызға тиіп отыр. Шыға бастағанына алтыншы жылға аяқ басқан газетімізге сіздердің тараптарыңыздан, аса мәртебелі оқырман қауым, биыл тағы да үлкен сенім білдіріліп, қолдау көрсетілді. Өйткені біздің басты демеушілеріміз де, негізгі құрылтайшыларымыз да өздеріңізсіздер. Оқырмандарымыздың мұндай зор сенімін, үлкен демеуін біз өзімізге көрсетілген айтулы марапат ретінде қабылдаймыз. Марапат емей немене, егер 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығына облыс бойынша "Ғұмыр-Дария" газетіне жазылғандардың қатары бес жарым мыңнан асып жығылып жатса. Олай болса, сол бес жарым мыңнан едәуір көп газет оқырмандарының баршасына ақ алғысымызды білдіреміз.

Әрине, ешнәрсе өздігінен бола қалмайды. Үш айға созылған баспасөзге жазылу науқанының өне бойында облыстық ардагерлер кеңесі өздерінің тікелей қолдау-қамқорлығымен шығып келе жатқан "Ғұмыр-Дария" газетіне оқырмандарды неғұрлым көбірек тартуға келгенде аянып қалған жоқ. Бұл орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, төралқа мүшесі Нәрейім Сейдуалиев ағаларымыздың жанашырлығын айрықша атап өтуге тиістімін. Сондай-ақ, Шу, Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандық және Шу қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Қазақбай Байжұманұлы, Қамбарбек Иманәлиев, Біржан Әлімбет, Қожайхан Бижанов, Кемелбек Бесбаев, Бақыт Сырлыбаев және Қуанышбек Қарғабаевтардың, Тараз қаласы мен Жуалы, Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандарындағы әріптестеріміздің ардагерлер газетіне деген ниеті мен ықыласына  зор ризашылығымызды білдіреміз. Сол сияқты Меркі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ереңсіз Абашев пен Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ермековтің, басқа да көптеген ардагерлер қозғалысының белсенділеріне баспасөзге жазылу науқаны кезіндегі жарғақ құлақтары жастыққа тимей, уақытпен санаспай еткен қызметтеріне алғысымыз шексіз.
Баспасөзге жазылу науқаны кезінде аудандардан көптеген жанашырларымыз ардагерлердің "Ғұмыр-Дария" газетіне деген ықыласының зор екендігін хат арқылы да жазып, телефон арқылы да хабарларын беріп тұрғандығын қалай ұмытуға болады?! Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Алтынбеков, Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппасов, Жуалы ауданындағы Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Болатбек Қайыпбекұлының және басқа да белсенді азаматтардың газетімізге келесі жылға жазылуды ұйымдастырудағы жекелей қосқан үлестерін айрықша атап айтуды жөн көріп отырмыз.
Біздің өз оқырмандарымыздың сенімі мен қолдауына жауабымыз – шығармашылық ізденісі-міз бен мазмұны терең, тақырыбы әр алуан газет шығаруымыз болып табылады. Қадірменді оқырмандарға айтарымыз, "Ғұмыр-Дария" өткен жылды жаман аяқтаған жоқ. Жыл аяқталар тұста бізге көрсетілген марапаттар мен мадақтар аз болмады. "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамедовтің қолы қойылған арнайы дипломмен, үздік журналистік мақала үшін облыс әкімі А.Мырзахметовтің арнайы сыйлығымен және дипломымен, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың Алғыс хатымен және сыйлығымен марапатталуымыз біздің шығармашылық еңбегімізге деген лайықты баға деп білеміз. Соның барлығын қалың оқырмандар қауымының қолдауының арқасында болып жатыр деп есептейміз.
Сіздерге, құрметті оқырман қауым, тағы да зор ризашылығымызды білдіреміз және жақсы хабарларымыз бен мақалаларымызбен, талдауларымызбен сіздерді қуантып отыратын боламыз.

басқа жаңалықтар